Иран президенті әкімшілігінің басшысы Голам-хоссейн Эсмаили президент ұшағының апатқа ұшырауына байланысты тың деректермен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
IRNA басылымының мәліметіне сүйенсек, Эсмаили Ибрахим Раисидің қасында еріп жүрген басқа тікұшақта болған. Оның байқауынша, ұшу кезінде ауа райы жағымды болған, бұлтты тек бір бөлікте ғана байқаған.
Президент отырған тікұшақтың ұшқышы командир ретінде біз биіктікке самғап, бұлттардың араасында қозғалысты жалғастыру туралы нұсқаулық берді. Тікұшақтар жоғары қарай ұшты, біздің ұшқыш шамамен 30 секундтан соң президент тікұшағының жоғалып кеткенін түсінді, - деді ол.
Тікұшақ эпикажы жоғалған әуе кемесінің жолаушыларымен байланысқа шығуға тырысқанымен ешқайсысы жауап бермеген. Арада біраз уақыт өткенде Раисимен бірге ұшқан Тебриз қаласындағы мешіт имамы Сайед Мохаммад-Али аль-Хашем хабарласып, өзін нашар сезініп тұрғанын және қайда екендерін білмейтінін жеткізген. Біраз уақыттан соң оның экипаждың басқа мүшелері сынды көз жұмғаны белгілі болды.
Еске салайық, Иран президенті Ибрахим Раиси мінген тікұшақ апатқа ұшырады. Салдарынан елдің мемлекет басшысы, оның қасында болған сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиан, аятолла Мұхаммед Али Але-Хашем, Шығыс Әзірбайжанның губернаторы Малика Рахмати мен тікұшақтың экипаж мүшесі қаза тапты.