Шығыс Қазақстан облысында Өскемен–Алтай–Үлкен Нарын–Катонқарағай–Рахман қайнары республикалық автожолының 437–450 шақырым аралығындағы жаңартылған учаскесі пайдалануға берілді. Бұл туралы ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Жол жөндеу жұмыстары 2025–2026 жылдары жүргізілді. Ұзындығы 13 шақырым болатын учаскеге жаңа асфальт төселіп, 17 су өткізу науасы мен 3 су өткізгіш құбыр салынды. Сонымен қатар жолдың инженерлік және қауіпсіздік инфрақұрылымы ретке келтірілді.
Жобаны «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары жүзеге асырып, жөндеу жұмыстарын «Строительная компания Зайсан» ЖШС атқарды. Жаңартылған жолдың ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Әкімнің айтуынша, бұл учаскенің жаңаруы жол бойындағы елді мекендер тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы қатынасты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жол Катонқарағай ұлттық паркі мен Рахман қайнарына баратын туристер үшін маңызды көлік бағыты саналады.
Жаңартылған учаске жол жүру уақытын қысқартып, көліктердің тозуын азайтуға мүмкіндік береді. Өскемен–Алтай–Үлкен Нарын–Катонқарағай–Рахман қайнары бағыты өңірдің әлеуметтік-экономикалық және туристік маңызы жоғары көлік дәліздерінің бірі болып отыр.
ШҚО-ның туристік әлеуетін арттыруда жол инфрақұрылымының сапасы маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты жаңартылған жолды алдағы уақытта тиісті деңгейде күтіп ұстау және оның сапасын ұзақ мерзімге сақтау мәселесіне де басымдық берілмек.