Радиация күнделікті өмірде адам баласын барлық жерде қоршап тұр. Алайда оның қай деңгейі қауіпсіз, ал қай кезде адам денсаулығына қауіп төндіреді? BAQ.KZ тілшісі радиациялық қауіпсіздікке қатысты ең жиі қойылатын сауалдарды Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің сарапшыларымен талқылады.
– Адам үшін рұқсат етілген радиация деңгейі қандай, ол қалай өлшенеді және неге радиация бізді табиғи түрде барлық жерде қоршап тұрады?
Қазақстан Республикасында адам үшін рұқсат етілген радиация деңгейі жылына 1 миллизиверттен (мЗв) аспауы тиіс. Бұл көрсеткіш тиімді доза арқылы анықталады. Тиімді доза – сәулелену салдарынан адам ағзасына түскен энергияның биологиялық әсерін ескеретін өлшем. Ол зиверт (Зв) немесе миллизиверт (мЗв) бірліктерімен белгіленеді.
Адам баласы өмір бойы табиғи фондық сәулеленудің әсерінде болады. Оның негізгі көздеріне ғарыштық сәулелер, жер қыртысындағы табиғи радионуклидтер және адам ағзасындағы табиғи изотоптар жатады. Мұндай сәулелену белгіленген шектерде болған жағдайда қауіпсіз деп есептеледі және адамның табиғи өмір сүру ортасының бір бөлігі саналады.
– Халық үшін және радиациямен жұмыс істейтін мамандар үшін жылдық рұқсат етілген сәулелену мөлшері нақты қанша миллизивертпен өлшенеді? Бұл нормалар қандай халықаралық стандарттарға сүйеніп белгіленген және Қазақстанда қай құжаттармен бекітілген?
Халық үшін тиімді сәулеленудің жылдық шекті мөлшері 1 мЗв болып белгіленген. Бұл ретте бес жылдық кезең ішінде жыл сайын алынатын доза 5 мЗв-тен аспауы тиіс.
Радиациямен тұрақты түрде жұмыс істейтін мамандар үшін жылдық рұқсат етілген доза 20 мЗв деңгейінде бекітілген. Ал бес жылдық есеппен бір жылда алынатын сәулелену мөлшері 50 мЗв-тен жоғары болмауы қажет. Бұл талаптар Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің қауіпсіздік стандарттарына сүйеніп белгіленген. Атап айтқанда, IAEA Safety Standards Series сериясындағы SSG-47 және SSG-46 құжаттары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың 2010 жылғы 28 мамырдағы №299 шешімімен бекітілген санитариялық-эпидемиологиялық талаптар негізге алынған. Қазақстанда бұл шектер Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 тамыздағы №ҚР ДСМ-71 және 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-275/2020 бұйрықтарымен заңды түрде бекітілген.
– Бір реттік және ұзақ мерзімді сәулеленудің айырмашылығы неде? Қайсысы қауіпті?
Радиациялық медицина мен биология саласында қысқа мерзімді жоғары дозалы әсер мен ұзақ уақытқа созылатын төмен дозалы сәулелену бір-бірінен нақты ажыратылады.
Бір реттік немесе өткір сәулелену қысқа уақыт ішінде жоғары энергия дозасын қабылдаумен сипатталады. Мұндай жағдайда тіндерге тікелей зақым келіп, детерминдік әсерлер байқалуы мүмкін. Бұған сәуле күйігі немесе өткір сәуле ауруы жатады. Алайда бұл салдарлар тек белгіленген шектен едәуір асқан кезде ғана пайда болады.
Ал ұзақ мерзімді сәулелену бірнеше жыл бойы төмен дозадағы радиацияның әсерін білдіреді. Мұндай жағдайда ағза зақымданған ДНҚ молекулаларын қалпына келтіру тетіктерін іске қосуға мүмкіндік табады. Дегенмен негізгі қауіп ықтималдық сипатындағы салдарлармен байланысты. Бұл салдардың пайда болу ықтималдығы жинақталған дозаға тәуелді, ал олардың ауырлығы нақты дозаның мөлшеріне тікелей байланысты емес. Қазақстанда қолданыстағы нормалар дәл осы ұзақ мерзімді әсердің қаупін азайтуға бағытталған.
– Табиғи фондық радиация деген не және ол қандай көздерден пайда болады?
Табиғи фондық радиация – қоршаған ортада үнемі кездесетін, адам өмірімен қатар жүретін табиғи сәулелену. Ол жер бетіндегі барлық тіршілік иелеріне тән құбылыс және адам одан толықтай оқшаулана алмайды.
Негізгі көздердің бірі – ғарыштық сәулелер. Олар Күннен және ғаламның алыс аймақтарынан Жерге үздіксіз жетіп отырады. Сонымен қатар, жер қыртысында, топырақта және тау жыныстарында ежелден сақталған табиғи радиоактивті элементтер де сәуле шығарады. Бұдан бөлек, ауыз су мен азық-түлік құрамында да табиғи радиоактивті изотоптардың болмашы мөлшері кездеседі. Олар адам ағзасына күнделікті тіршілік барысында түседі. Адамзат мыңдаған жылдар бойы осындай радиациялық ортада өмір сүріп келеді, сондықтан ағза бұл деңгейдегі сәулеленуге бейімделген және ол қалыпты өмірге қауіп төндірмейді.
– Космостық сәулелер, жер қыртысындағы уран мен радон адамның күнделікті алатын радиациясының қанша бөлігін береді?
Ғалымдардың деректеріне сәйкес, адамның жылдық сәулелену дозасының басым бөлігі табиғи көздермен байланысты. Соның ішінде:
– 53 пайызы радон газы мен оның ыдырау өнімдеріне,
– 16 пайызы ғарыштық сәулелерге,
– 14 пайызы жер қыртысындағы уран мен торийге,
– 17 пайызы тағам арқылы ағзаға түсетін ішкі сәулеленуге тиесілі.
Таулы аймақтарда тұратын адамдар мен әуе көлігімен жиі ұшатын жолаушыларда ғарыштық сәулелену мөлшері біршама жоғары болады.
– Неге радиациядан толықтай «нөлдік деңгейге» түсу мүмкін емес?
Радиация – ғаламның физикалық табиғатына тән құбылыс. Жер ғарыштан үздіксіз келіп тұратын сәулелердің әсерінде болады. Сонымен қатар, жер қыртысының өзінде уран мен торий сияқты табиғи радиоактивті элементтер бар, олар аз мөлшерде болса да тұрақты түрде сәуле бөледі. Тіпті күнделікті қолданылатын құрылыс материалдары мен тұрмыстық заттар да табиғи радиациялық фонның қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан радиациядан толықтай арылу мүмкін емес. Негізгі міндет – оның деңгейін қауіпсіз шектерде ұстап, тұрақты бақылау жүргізу.
– Ұшақпен ұшу, компьютерлік томография, рентген, ұялы телефон, тұрмыстық техника – бұлардың қайсысы қанша сәуле береді?
Қазіргі кезде техногендік сәулеленудің негізгі көзі – медициналық диагностика. Мәселен, цифрлық флюорография кезінде алынатын доза шамамен 0,05 мЗв, бұл жылдық рұқсат етілген мөлшердің 5 пайызына жуық.
Компьютерлік томография барысында сәулелену мөлшері жоғары болады. Құрсақ қуысының КТ-зерттеуі кезінде орта есеппен 3–5 мЗв, ал кей жағдайларда, әсіресе контраст қолданылғанда, 15 мЗв-қа дейін жетуі мүмкін. Мұндай тексерулер тек медициналық көрсеткіштер болған жағдайда ғана жүргізіледі.
Ұшақпен бір әуе сапары кезінде алынатын сәулелену шамамен 0,03 мЗв. Ал ұялы телефондар, компьютерлер мен тұрмыстық техника иондаушы сәулелену көзіне жатпайды, сондықтан радиациялық қауіп төндірмейді.
– Бір флюорография жылдық рұқсат етілген мөлшердің қанша бөлігін береді? Адам күнделікті қанша табиғи радиация алады?
Бір цифрлық флюорография халық үшін белгіленген жылдық сәулелену нормасының шамамен 5 пайызына тең. Ал ескі үлгідегі жабдықтар қолданылған жағдайда бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары болуы мүмкін.
Сонымен қатар, адам күнделікті өмірде табиғи фондық радиация алады. Орта есеппен алғанда, Жер тұрғындары тәулігіне шамамен 0,006 мЗв сәулеленуге ұшырайды. Бұл ғарыштық сәулелердің, жер қыртысындағы табиғи элементтердің және қоршаған ортаның әсерінен туындайды. Мұндай шағын дозалар адам ағзасы үшін табиғи әрі қалыпты құбылыс болып саналады және күнделікті өмірге кері әсер етпейді.