ҚР АШМ егіс науқанына дайындық барысы туралы алғашқы кеңес өткізді

11 Наурыз 2020, 19:15
1652
Бөлісу:
ҚР АШМ егіс науқанына дайындық барысы туралы алғашқы кеңес өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қостанай облысында ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылғы көктемгі-егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы алғашқы кеңес өткізді.

ҚР АШМ вице-министрі Рүстем Құрмановтың қатысуымен өткен кеңес барысында егіс науқанының жоспары, тұқым сапасы мен ауыл шаруашылығы техникасын дайындығы және отын қоры талқыланды. Сондай-ақ, ҚР АШМ өкілдері тұқым шаруашылығын қолдау және тұқым тазалайтын техниканы сатып алу үшін инвестициялық субсидиялау ережелеріне енгізілген өзгерістер туралы айтып берді.

Оның айтуынша, егер бұрын фермерлерге тек импорттық тұқым тазалайтын техниканы сатып алуға ғана субсидия берілсе, енді отандық және украиналық, сондай-ақ ТМД елдерінің өнімдерін сатып алуға жұмсалған шығындар да өтеледі.

Шаруалардың өтініші бойынша тұқымға субсидия беру ережелері өзгертілді. Енді субсидияны Қазақстанда және шетелдік өндірушілерден тікелей сатып алған барлық шаруалар ала алады. Ескі ережеде бұл қарастырылмаған болатын. Аталмыш шара сапалы тұқымдарға тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді, - деді ҚР АШМ вице-министрі.

Сонымен қатар, жиын барысында Рүстем Құрманов минералды тыңайтқыштарды қолдану тақырыбына тоқталды. Оның айтуынша, 2020 жылы республика бойынша жергілікті бюджеттерде минералды тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялауға 23 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.

ҚР АШМ вице-министрі Қостанай облысы тыңайтқыштарды қолдану көлемін айтарлықтай арттыратынын атап өтті. 2019 жылы бюджет қаражатын ұлғайту есебінен өңір аграрийлері 45 мың тонна субсидиялық минералды тыңайтқыш алған. Бұл 2018 жылға қарағанда 54%-ға артық. Ал, 2020 жылы 50 мың тонна тыңайтқыш сатып алу жоспарланып отыр. Минералды тыңайтқыштарды қолданатын фермерлер үшін жергілікті бюджетте 3 млрд. теңге субсидия қарастырылған.

Жалпы республика бойынша егіс алқабы осы жылы 22,5 млн га құрайды , бұл 2019 жылға қарағанда 237,7 мың гектарға артық. Бұл ретте дәнді және бұршақты дақылдар өткен жылмен салыстырғанда (былтыр 15,4, биыл 15,2 млн га) азайған, ал майлы дақылдар керісінше, 122,2 мың га (барлығы 3 млн га) көп.

Биылғы жылы көкөніс-бақша дақылдары мен картоптың болжамды көлемі 19,3 мың гектарға, мал азығы – 308,6 мың гектарға артық.

Қазақстанда егіс науқанын жүргізу үшін 2,47 млн тонна сапалы тұқым дайындалды, оның ішінде дәнді дақылдар – 1,94 млн тонна, майлы дақылдар – 89 мың тонна,  жем-шөп – 15,7 мың тонна, картоп – 418 мың тоннадан астам.



Өзгелердің жаңалығы