Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылының тұсындағы Қарасу жер асты тұщы су қорында үш ұңғыма тасқын салдарынан істен шыққан, деп хабарлайды BAQ.KZ.
azh.kz-тің мәліметі бойынша, құбырларды топан су басып, жер бетіне шығып қалған. Электр желілерінің бағаналары құлауға шаққа тұр. Миялы және Жангелдин ауылдарына ұңғымалардан тәулігіне 30 тонна су алынып тұрған. Бұл туралы облыстық мәслихаттың депутаты Қайырбек Баймұратовпен және “Казсушар” РМК қызметкерімен бірге Қызылқоға ауданына барғаннан кейін аудандық мәслихаттың депутаты Есенбай Нұров өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Бұл учаскеде 11 ұңғыма бар. Қазір соның сегізі жұмыс жасап тұр. Е.Нұровтың сөзінше, әзірге су Миялыға белгілі бір уақытта беріліп жатыр.
Екі ұңғымаға барар 110 мм пластик құбыр үзілген, 2,5 метр тереңдікке көмілген құбыр жаңадан су тасқынынан пайда болған арнаның бойында жатыр. Тұсындағы ток көзі барып тұрған баған қисайып құлап, токтың сымына сүйеніп, жантайып қалған. Оны «Атырау Жарық» АҚ Қызылқоға бөлімшесінің қызметкерлері ток көзінен қәуіпті болған соң ажыратып кеткен.
«Қазсушардың» Қызылқоға бөлімше бастығы С. Темірғалиевтің айтуынша, 100 метр ұзындықта 110 мм пластик су құбырын жергілікті атқарушы орган алып берер болса және қисайған ток бағанын энергетиктер жөндеп ток көзін қосса, екі су ұңғымасын пайдалануға беруге болады. Тайсойғаннан тартылып жатқан су құбырын іске қоспаса, су мәселесі шешілмейтіні анық байқалады.
Осы екі ұңғыманы іске қосса, тәулігіне қосымша 30 тонна ауыз су алған болар едік, - деп жазады Есенбай Нұров.