Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжілісінің депутаттары, Nur Otan партиясының мүшелері Бақытбек Смағұл, Ғалым Әміреев және Геннадий Шиповских Сыр өңіріндегі жұмыс сапары барысында азаматтарды қабылдап, оларды толғандырған сұрақтарына жауап берді.
Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Тұрғындармен кездесу барысында құқықтық, кәсіпкерлік, өңірдегі қуаңшылық, денсаулық сақтау, тұрғын үй, әлеуметтік көмек алу және жерге қатысты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, көп балалы ана Назерке Қадырова денсаулық, әлеумет, балалардың білім мәселесімен қоса аймақта шешімін таппаған проблемалық мәселелерді алға тартса, Сырдария ауданын келген Қайрат Жалғасов депутаттарданжайлымдық жер, Сырдария өзенінің тартылуы, жалпы шаруалар үшін ең қажетті аяқ су мәселесін шешіп беруге ықпал етуді сұрады, - делінген палата хабарламасында.
Азаматтар өтінішін тыңдаған депутаттар әр сұрақ бойынша жеке-жеке жұмыс жүргізетіндерін жеткізді.
Айта кету керек, соңғы уақытта Қызылорда қаласында 2005-2006 жылдары жер кезегіне тұрған азаматтарға жер телімдері беріле бастады. Дегенмен, өздеріне берілген жер телімінің қолайсыз жерде орналасқанын, балабақша, мектептен алыс екенін айтып, шағымданып жүргендер де бар.
Өз кезегінде Мәжілісі депутаты Бақытбек Смағұл азаматтармен бірнеше кездесулер өткізіп, қызылордалықтарды қандай мәселелер толғандырып жүргенін көпшіліктің өз аузынан естіп-білгенін айтты.
Ауыл тұрғындары мен қала тұрғындарының арыз-мұңдары арасында айырмашылықтар бар. Ауылдықтарды, негізінен, іс бастау үшін несие алу, мал жайылымы, аяқ су мен субсидияға қол жеткізу секілді мәселелер толғандырады. Қалалықтар болса баспана, тұрмыстық сипаттағы мәселелерді шешу төңірегінде көбірек шағымданады. Ауылда да, қалада да жұмыс іздеп жүргендер бар. Біз жергілікті жерде шешімін табатын мәселелерді атқарушы органдарға ұсыныс ретінде жолдап, Парламентте көтеретін мәселелерді назарға алдық, - деді.