Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің Бас санитары, дәрігер Жандарбек Бекшин Қызылорда, Жамбыл облысы мен Алматы қаласында дене қызуымен ауруханаға түскен науқастарға қатысты түсінік берді.
Хайнань аралынан демалыстан келген қызылордалық азамат дене қызуымен және бас ауруымен емханаға түскен.
Алайда, ол коронавирус жұқтырмаған.
Сұрау барысында анықталғандай, Қызылордадағы пациент жуынғаннан кейін вагонда терезе ашық қалғанда, ұйықтап қалғаны белгілі болды. Ол Хайнань аралынан оралғандықтан бөлек боксқа оқшауландырылды. Қазіргі таңда науқас жүрек-қантамыр жүйесінің ауыратынына шағымданбайды, температурасы жоқ, барлық қажетті диагностика жүргізілуде, - деді Жандарбек Бекшин.
Ол Жамбыл облысы мен Алматыдағы науқастарға қатысты ақпаратқа да арнайы тоқталды.
Жамбыл облысында ЖРВИ, яғни жіті респираторлық вирустық инфекция диагнозы 2 науқасқа қойылды. Дене қызуы қалыпты. Алматы облысындағы ақпарат туралы айтсам, біздің азаматтарымыздың жағдайы қалыпты, олар Панфилов аудандық ауруханасында тексеруден өтті. Қазір оларды шығару мәселесі қаралуда, - деп хабарлады Бас санитар.
Айтуынша, 6 қаңтардан бастап, бүгінгі күнге дейін Қазақстаннан Қытайға мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттері бойынша 12 мың 610 адам келді. Олардың ішінде біздің азаматтарымыз – 12 365 адам және шетелдіктер – 245. Бұл мәліметтер нақтыланған.
Еске салсақ, 2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай Үкіметі Ухань қаласында пневмония ауруының тарағаны туралы хабарлады. Кейіннен аурудың қоздырғышы коронавирустың жаңа типі 2019-nCoV екені анықталды.29 қаңтардағы жағдай бойынша коронавирустан көз жұмғандар саны 132-ге жетіп, Қытайда вирус жұқтырған адамдардың жалпы саны 5974 құрады. Басқа мемлекеттерде ауыр дертке шалдыққандардың жалпы санын қосқанда 6052 адамға жетті.
Қытайдан бөлек, жұқпалы ауру Австралия, Вьетнам, Германия, Канада, Италия, Камбоджа, Малайзия, Непал, Оңтүстік Корея, Сингапур, АҚШ; Таиланд, Франция, Шри-Ланка, Жапония, Украинаға да тарады.