Қызылордада жаңа көпір пайдалануға берілді

11 Наурыз 2023, 00:28
954
Бөлісу:
Қызылордада жаңа көпір пайдалануға берілді
Фото: aikyn.kz

Қызылорда қаласына қарасты  Белкөл кентінде  теміржолдың екі бетін байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бірнеше жылдан бері көтеріліп жүрген мәселеге нүкте қойылып, қолайлы жағдай жасалғанына белкөлдіктер ризашылықтарын білдіріп, ел азаматтарына ақ батасын берді.

Бұл көпір халықтың көптен бергі сұранысы бойынша салынып, тұрғындардың теміржолдан өту қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Көпір құрылысы өткен жылы басталды. Құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде жүргізгені үшін мердігер мекеме «Голден сити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, – деді Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов.

Қала әкімінің айтуынша, бүгінде  қала көлемінде жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде қала мен оған қарасты кент және ауылдық округтер бойынша жалпы сомасы 10 млрд теңгеге 231 көше жөнделсе, 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынады.  Ол үшін облыстық бюджеттен 690 млн теңге бөлінген.

Түрғындар қауіпсіздігін сақтау мақсатында көпір салу жұмыстары да жалғасын таппақ. Атап айтқанда, Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі құрылысына Ұлттық қор және облыстық бюджеттен 320,6 млн теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары басталады деп күтілуде. Ал Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өтпесін салуға жоба-сметалық құжаттамасын сараптама қорытындысымен әзірлеуге облыстық бюджеттен 51,2 млн теңге бөлініп, құжаттары рәсімделуде.

Қазіргі таңла Бәйтерек тұрғын ауданына «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін көпір құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы