Қызылордада шаруалар жем-шөп мәселесін қызу талқылады

26 Шілде 2022, 19:35
2067
Бөлісу:
Қызылордада шаруалар жем-шөп мәселесін қызу талқылады

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қызылорда облысында малшылардың қатысуымен құрылтай өтті. Жиын басында қысы-жазғы тіршілігін төрт түлікпен байланыстырған бірқатар шаруа адамына «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. 

Ата-бабадан келе жатқан кәсіптен қол үзбей, бейнеттің зейнетін көруге асыққан малшылар үшін аталған марапат үлкен мерей болғаны рас. Алайда жиналған қауымның бас қосуына негіз болған мақсат бұл емес.

Оңтүстік өңірде орын алған былтырғы қуаңшылық мәселесі ұмытыла қойған жоқ. Себебі жаздың аптап ыстығы биыл да қайталануда, ал жем-шөп мәселесі әлі де қызу талқы үстінде. Осы орайда облыс орталығында бас қосқан мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар мал азығына бөлінетін субсидия мәселесін келесі айға дейін шешіп беруді облыс әкімі мен ауыл шаруашылығы басқармасы басшысынан талап етті.

Шаруаларды азық-түлікпен қамтамасыз ету керек деген президент тапсырмасы бар. Бұл тапсырмаға сәйкес кейбір облыс әкімдері қарқынды жұмыс жүргізсе, кейбір басшылар немқұрайлылық танытуда. Негізінде жыл сайын ғылыми институттар мал басына қанша жеп-шөп кететінін есептейді. Қазір аймақтағы орташа көрсеткіш 2012 жылғы жеп-шөпке берілетін бағамен бірдей. Ол кезде бидай бағасы ─ 40 теңге болса, қазір ─ 140 теңге. Бізге сол қаржы да берілмей тұр. Алайда Президент тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысында мал басына 20 мыңнан, бір ірі қараның жем-шөбіне 30 мыңнан қаржы беруде. Ал бізде сол жеңілдік берілмейтіні айтылуда. Біздің бүгін жиналып, наразылық білдіруіміздің басты себебі осы. Өздеріңіз білесіздер, аймақта күн ыстық, әрі күріш егіледі. Күріш алқабына жиналған маса, сона сынды жәндіктер шаруа қожалықтағы малға зиянын тигізуде. Содан мал басы азайып жатыр. Кеміген мал басын қалпына келтіру үшін субсидия алып, жем-шөпті қамдаумен әлекпіз. Енді келіп сол қаржыны бермейміз деп жатыр. Одан мал басы қалай көбейеді? Біле білген адамға малшы болу ең қиын тіршілік, - дейді «Орынбай» шаруа қожалығының иесі Бейбітшілік Толыбаев.

Қызылордада шаруалар жем-шөп мәселесін қызу талқылады

Малшылар үшін субсидияның бөлінбеуі - ауқымды мәселе. Алайда бұл тарапқа биліктің де айтар өз уәжі бар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, былтырғы қуаңшылықта да жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбеген. 

Малшыларға субсидия бөлінбейді деп нақты айта алмаймын. Бұл - мәслихат отырысында шешілетін мәселе. Негізінде субсидия бюджеттің мүмкіндігіне қарай бөлінеді. Қазіргі бекітілген бюджетте жем-шөпке қаржы қарастырылмаған. Ережеге сәйкес жем-шөпке қаржы жергілікті бюджеттен беріледі. Оның республикалық бюджетке қатысы жоқ. Қазір Ақтөбе, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облысында ғана субсидия берілетіні айтылуда. Басқа облыстарда бұл бағытта қаржы бөлінбеген. Облыста мал шаруашылығымен айналысатын мыңнан аса шаруа қожалығы бар. Тағы бір ескеретін жайт, субсидияның бөлінбеуі мал басының азаюына әсер етпейді. Есепке сүйенсек, соңғы үш жылда мал басы жылына 3-15 пайыз аралығында көбейіп отыр, - деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Тұрсынұлы жағдайдың мән-жайын түсіндіріп.

Осы тұста жыл сайын бөлініп келген қаржының биыл берілмей қалуына не себеп деген заңды сауал туындайтыны рас. 

Өткен жылы да шаруаларға бюджеттен субсидия бөлінген жоқ. Бірақ былтыр су тапшылығынан орын алған қуаңшылыққа байланысты мемлекет резервінен жеп-шөпке 1 миллиард 700 миллион теңге бөлінді, - дейді Талғат Дүйсенов.  

 

Өзгелердің жаңалығы