Қызылшаның "құрығына" түскендер арасында тіпті, 1 жасқа дейінгі балалар да бар, деп хабарлайды BAQ.KZ inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыста 6 қарашадан бастап 1 жасқа толмаған балаларға қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмыстары жүргізіледі. Ал 2-4 жас аралығындағы балаларға екпе егу жұмыстары 5 желтоқсанда басталмақ.
Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова "қызылшамен ауырғандардың көбі екпе салдырмағандар" дейді.
Қызылшамен ауырғандардың басым бөлігі – індетке қарсы екпе алмаған жандар. Сонымен қатар, уақытылы вакцинацияланбаған балалар қызылшаға жиі шалдығып жатады. Соған сай, қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалын тұрақтандыру үшін қажетті шаралар қолға алынды. Қазақстан Бас санитар дәрігердің Қаулысына сәйкес, қызылшамен ауырған науқаспен байланыста болған 30 жасқа дейінгі адамдар шұғыл вакцинацияланады және медициналық бақылауға алынады. Сондай-ақ тұрақты тіркелмеген, қызылшаға қарсы егілу дерегі жоқ азаматтар келісім бойынша бір рет иммундалады. Қызылшаға қарсы егілмеген 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлеріне де екпе салынады. Халық арасында ақпараттық түсіндірме жұмысын жүргізудің де маңызы зор", - деді ол.
Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова қызылша ауруының белгілерін кез келген адам білуі тиіс деп есептейді.
Уақытылы ем-дом жасаса, ауру да оңай өтеді.
Қызылша – кең таралған инфекциялық ауру. Қызылша ауруы балалар арасында жиі кездеседі. Аурудың белгілері дене қызуының көтерілуі, мұрынның, көздің және тамақтың шырышты қабығы қабынады және теріде бөртпелер пайда болады. Бұл инфекция ауа арқылы беріледі. Сондықтан, аурудың алдын алып, уақытылы екпе салдырған жөн", – дейді Айна Мұхамбетова.
Қызылорда облысында жыл басынан бері қызылша ауруының 708 дерегі тіркеліп отыр. Оның 611-і 14 жасқа дейінгі бала болса, 163-і – 1 жасқа толмаған нәресте. Мамандар қызылша инфекциясы облыста ғана емес, республикада өршіп тұрғанын ескертеді.