Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері қаза тапқан әріптестерін еске алды

28 Тамыз 2022, 11:15
867
Бөлісу:
Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері қаза тапқан әріптестерін еске алды

Қазақстан Республикасының Конституциясы мерекесіне орай Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты мекемелер арасында Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі саласында 10 жылдан аса қызмет еткен әділет майоры Орал Асқарұлын еске алуға арналған футболдан турнир өтті,деп хабарлайды BAQ.KZ.

Турнирге ҚАЖ департаменті мекемелерінен құралған 3 команда және 5547 әскери бөлімінің командасы қатысты. Сондай-ақ, шараға Орал Асқарұлын дүниеге әкелген ата-анасы Асқар ата мен Несібелі апа және балалары мен туған туысқандары, ҚАЖ қызметкерлері қатысты.

Шараға қатысушылар марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан соң департамент бастығы Шаймерден Есенкелдиев А. Оралдың тұлғалық өмір жолдарына қысқаша тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Ұзақ жылдар қызметте болған әріптестері де марқұмды сағынышпен еске алды. Орал Асқарұлының туған-туыстарының демеушілігімен ұйымдастырылған шарада 4 команда бақ сынады. Жарыс нәтижесімен тартысты өткен кездесуде 5547 әскери бөлімінің командасы бірінші орынды қанжығаларына байлады. ІІ және ІІІ орында Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен ЗК-169/5 мекемесінің командалары өзара бөлісті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар және естелік сыйлықтар табысталды.

Шара аясында Оралдай арда азаматты тәрбиелеп өсірген ата-анасына ҚАЖ департаменті тарапынан құрмет көрсетіліп, әкесі Асқарға “Қазақстан полициясына 30 жыл” медалі табысталып, ата-анасының иығына шапан жабылды. Іс-шара соңында Орал Асқарұлының рухына құран бағышталып, еске алу турнирін өткізіп, құрмет көрсеткені үшін ата-анасы, туған туыстары Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығына алғысын білдірді. Орал Асқарұлы 1978 жылдың 25 желтоқсанында Қызылорда қаласында дүниеге келді. 

1999-2003 жылдары Қызылорда қаласындағы Қызылорда экономика, экология және құқық академиялық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Өзінің еңбек жолын 2004 жылы Қызылорда қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінде бастап, әр жылдары осы мекемеде басқа да салаларында қызметтерін атқарып, Қызылорда қалалық пробация қызметінің бастығы лауазымына дейін көтерілген. Темірдей тәртіппен қаталдықты талап ететін ҚАЖ саласында қажырлы еңбек ете білді. Бұл еңбек еткен жылдары антына адалдығын көрсетіп, жүктелген міндеттерін мінсіз атқара білді.

Өзгелердің жаңалығы