Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған республикалық ашық турнир өтіп жатыр.
«Көктем жұлдыздары» деп аталатын жарысқа Өзбекстан елінен, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда аймақтарынан жасөспірім спортшылар келді. Жалпы саны 8 команда, 150 мәнерлеп сырғанаушы бақ сынауда.
«Ең әдемі спорт түрлерінің бірі – мәнерлеп сырғанау. Қазақстанда осы спорттың өркен жаюына жағдай жасалған. Біздің Элизабетке еліктеген өрендер де өсіп келеді», - дейді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.
Сайыстың ашылу рәсіміне қатысқан «ҚазГерМұнай» БК ЖШС бас директоры Мұрат Мұстафаевтың айтуынша, бүгінгі жарыс таланттыларды талпындырып, жетістікке жігерлендіреді.
«Жас спортшы Элизабет Тұрсынбаеваның бағындырар белесі алда. Оған елдің, ел азаматтарының қолдауы толастамайды», - деді Мұрат Мұстафаев.
Салтанатты жиында сырбойылық өнерпаздар ән айтып, көпшіліктің көңілін көтерді. Сондай-ақ, Элизабеттің өзі де өнер көрсетті.
«Маған жанкүйер болып, қолдап жүретін қызылордалықтарға рахмет айтамын. Менің өнерімді тамашалап, жеңіске жетуіме үміттеніп отырады. Оны сезінемін», - деді мәнерлеп сырғанаушы.
Айта кетейік, «Көктем жұлдыздары» турнирі екі күнге созылады. Бұл сайыс жыл сайын ұйымдастырылмақ.
Сонымен қатар, кеше Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Элизабет Тұрсынбаевамен кездесіп, Сыр спортының дамуына қосқан үлесі үшін облыстың Құрмет грамотасымен марапаттады және 2 млн теңгенің сертификатын табыс етті.