Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің құтқарушылары суға секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған қаршадай қызды аман алып қалды. Бұл туралы мекеменің баспасөз қызметі мәлім етті.
"2019 жылғы 4 сәуірінде сағат 11:26-да Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөлімінен белгісіз адам ХҚКО-ның маңында Сырдария өзеніне көпірден секіріп кеткені жөнінде хабар түсті. Үш минуттың ішінде жеткен құтқарушылар төтенше жағдай орнына келіп, радиациялық және химиялық-биологиялық қорғау бөлімінің басшысы Ә.Сахиев пен бас құтқарушы Б.Алжанов суға жүгіріп, суық суға секіріп, 200 метрге дейін аралықта жүзіп оны өзеннің сол жағалауына шығарды. Осы уақытта қайықпен келген құтқарушылар өзеннің оң жағалауына жеткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті, содан кейін оны жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды", - делінген хабарламада.
Куәгерлердің айтуы бойынша, қыз әдейі суға секірген.
Құтқарылған 2002 жылы туылған қыз Қызылорда қаласының тұрғыны.
Қазіргі сәтте оқиғаның барлық жағдайлары зерттелуде. Құтқару жұмысына ҚР ІІМ ТЖК «ОӨАЖҚЖ» ММ-нің құтқарушылары, сонымен қатар ТЖД жедел тобын Қызылорда облысы ТЖД бастығы азаматтық қорғаныс полковнигі О.Қ.Бержанов басқарды және Қызылорда облысының ІІД полиция қызметкерлері және жедел жәрдем тобы қатысқан.