Қызылорда облысында табысты мұғалімдер марапатталды

12 Сәуір 2019, 18:50
4244
Бөлісу:
Қызылорда облысында табысты мұғалімдер марапатталды
PHOTO
Фото: автордан

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында «Табысты мұғалім академиясы» атты педагогикалық үздік идеялар байқауы өткізілді.

Байқауды облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы және «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда филиалы ұйымдастырды.

Қызылорда облысында табысты мұғалімдер марапатталды

Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіхалықованың айтуынша, қазіргі заманда әр азамат өзінің білімін жетілдіріп, тәжірибесін әрдайым молайтып отыру керек. Себебі, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында табысты болудың кепілі білім екенін, оның салтанат құруына жол ашу қажеттігін айқын атап көрсеткен.

Қызылорда облысында табысты мұғалімдер марапатталды

«Еліміздің білім беру жүйесінде және тәрбие бағытында соңғы уақытта түбегейлі өзгеріс жүріп жатыр. Әлемдік деңгейде білімімізбен бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Бүгінде мұғалім мәртебесі, білім сапасы маңызды мәселеге айналды. Осы тұрғыдан келгенде мұғалімнің білімі мен біліктілігін арттыру, жемісті жолын жұртшылыққа дәріптеу үшін өткізілген шара оң нәтижесін берді деп ойлаймыз. Себебі, байқау кезінде қатысушылар өз пәнінің ерекшеліктерін, сабақ берудің, оқушылармен қарым-қатынас жасаудың озық тәсілдерін, үздік үлгілерін, шығармашылық ізденістері, ғылыми жұмыстары назарға ұсынылды. Сонымен қатар, мұғалімдер «Ұстаздық миссия ма, әлде мамандық па?» тақырыбында пайым-пікірлерін айтты», – дейді Әлима Жақыпқызы.

Қызылорда облысында табысты мұғалімдер марапатталды

Оның пікірінше, мұғалім өмір бойы ізденумен, оқумен, үйретумен, үйренумен айналысуы қажет.

«Қатысушылардың көзқарасы мен әрекетінен осындай қасиет байқалды. Көп кешікпей жеңіске жеткендердің тәжірибесі аймақтағы телеарнадан көрсетіледі. Бұдан басқа, педагогика саласымен байланысты сайттарда жарық көреді. Мұғалім мәртебесін білім сапасын жетілдіру арқылы көтеру керек. Яғни, педагогтардың бәсекелік қабілеті жоғары болу үшін оларды ынталандыратын, ізденісін арттыратын іс-шараларға маңыз беру керек», - деді Әлима Әбдіхалықова.

Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда филиалының басшысы София Камалованың айтуынша, осы байқауда қатысушылар ерекше идеяларын ортаға салды.

Қызылорда облысында табысты мұғалімдер марапатталды

«Үш кезеңнен тұратын шара мұғалімдерді шабыттандырғаны анық. Аймағымыздың әр жерінен келген білікті мамандар сабақ беру барысында қолданатын тәжірибесімен бөлісті. Тед форматта аудиторияны игерудің тәсілдерімен ерекшеленді. Сөйлеу, түсіндіру шеберлігі сынға түсті. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде пайдасы зор осындай шаралар мұғалімдердің беделін көтереді. Табысты мұғалімнің бейнесін қалыптасады»,- дейді София Камалова.

«Табысты мұғалім академиясы» байқауы аудандық, қалалық, облыстық кезеңдерден тұрды. Биылғы жылдың алғашқы айында бастау алған шараның бірінші турында 60 ұстаз қатысқан еді. Мұнда олар өз пәні бойынша қысқа, орта мерзімді сабақ жоспары мен берген сабағының он минуттық бейнежазбасын ұсынды. Нәтижесінде, жеті мұғалім іріктелінді. Байқаудың соңғы кезеңінде мұғалімдер 15 минуттық панорамалық сабақ көрсетті.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарық көргеніне екі жол толғанына орайластырылған шарада тың бастамаларым мен тәжірибемді көрсетуге тырыстым. Қатысушылардың ынта-жігері, ізденісі мені қанаттандырды. Жұмысымызға жаңа қырынан қарауға көп пайдасын тигізді», – деді екінші орын иеленген қатысушы Әсем Ембергенова.

Айта кетейік, байқауда бірінші орынды Жалағаш ауданының мұғалімі Айкерім Ысқақова еншілесе, екінші орын аралдық мұғалім Әсем Ембергеноваға бұйырды. Қызылорда қаласының мұғалімі Назым Қыдырбаева үшінші орынды қанағат тұтты. Сонымен қатар, бірнеше қатысушы арнайы номинациялармен марапатталды.

 


Өзгелердің жаңалығы