Су ресурстары және ирригация министрлігі Қызылорда облысында су қоймасы мен су торабын салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қызылорда облысы Арал ауданындағы Ақшатау және Қамыстыбас көлдеріне су жинау үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі Аманөткел ауылының жанында су торабын салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Қараөзек каналында жаңа су қоймасын салуға ниетті.
Бұл туралы Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесуде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Жиделі су қоймасы мен Қызылорда су торабын кешенді реконструкциялау жоспарлануда. Ал 2025-2026 жылдары Жаңақорған ауданындағы «Келінтөбе» магистральдық каналы мен Шиелі ауданындағы Сұлутөбе ауылдық округіне Сырдария өзенінен су жіберу үшін қосымша каналдар салу жоспарда бар.
Бұл іс-шаралар облыстың ауыл шаруашылығын суармалы сумен неғұрлым тиімді қамтамасыз ету үшін және өңірдің су нысандарын сақтауға қажет, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.