Қызылорда облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған 69 үйірме жұмыс істейді

25 Ақпан 2022, 17:25
4764
Бөлісу:
Қызылорда облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған 69 үйірме жұмыс істейді
PHOTO
Фото: автордан

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қызылорда облысында балалар мен жасөспірімдерді шығармашылық үйірмелермен қамтамасыз ету жобасы бойынша 2 150 бала қамтылды. 

Жоба аясында 301 млн 242 мың теңге қаржы бөлінді.

Мемлекет басшысының өткен жылғы тапсырмасына сәйкес 4-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді тапсырыс арқылы шығармашылық үйірмелермен қамту жобасы іске асырылып келеді. Қазіргі таңда Қызылорда облысында 69 орталық жұмыс істеуде. 

Бүгінде республика бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді мемлекеттік тапсырыс негізіндегі ашу жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында былтырғы жылдың тамыз айынан бастап тиісті жұмыстар біздің өңірде де жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы балалар мен жасөспірімдерді шығармашылық үйірмелермен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік шығармашылық тапсырыс жобасына 1 522 баланы қамтуға облыстық бюджеттен 100,1 млн. теңге қаржы бөлінді. Жыл қорытындысымен artsport.edu.kz порталы арқылы жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардан 558 өтінімдер түсіп, оның 179-ы қабылданды. Нәтижесінде 4 820 бала түрлі үйірмелерге барды. Artsport.edu.kz порталы арқылы бүгінгі күнге дейін 1909 өтінім түсіп, оның 482-і мақұлданды. Сонымен қатар 935 өтінім кері қайтарылып, 493-і қаралу үстінде. Аталған жоба бойынша 69 өтінім беруші жұмыс жасауда, - дейді Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ержан Жеткерұлы.

Қызылорда облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған 69 үйірме жұмыс істейді

Сыр өңірінде өткен жылы жоба аясында жұмысқа белсене кіріскен – «Samruk kids» орталығы болды. 

Балаларға арналған шығармашылық үйірмелер мен спорттық секциялар орталығы алғашқыда қаланың 3 ірі мөлтек ауданынан ашылды. Қазіргі таңда ауқымы кеңейіп, бүгінде «Samruk kids» атауымен 9 орталық жұмыс жасап тұр. Алдағы уақытта тағы бірнеше бөлімі балаларға өз есігін айқара ашпақ. 

Қызылорда облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған 69 үйірме жұмыс істейді

Былтыр орталықтың жұмысы басталғанда ата-аналар да, балалар да қуанышпен қабылдады. Қаланың қаншама баласына мол мүмкіндік туды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп атағандықтан, қазіргі күні бұл салада мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылып келеді. Көптеген ауылдардағы және мүмкіндігі шектеулі 4-17 жас аралығындағы балалар  өздерінің икеміне, сұраныстарына байланысты шығармашылықпен, спортпен шұғылдануға мүмкіндік алды, - дейді «Samruk kids» орталығының директоры Жандос Тұсмағанбетов. 

2020 жылы әлемді шарпыған коронавирус пандемиясы салдарынан Қызылорда қаласындағы ірі кәсіпкерлік нысандар бизнестегі бағыттарын өзгертті. Зәулім ғимараттар халыққа қызмет көрсететін орталықтарға айналды. Мәселен, «Samruk kids»-тің бас ғимараты бұрын ірі сауда дүкені болған. Қазіргі таңда бұл ғимарат қызылордалық балалардың игілігіне жұмыс істеп тұр. 

Қызылорда облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған 69 үйірме жұмыс істейді

Орталықтың бір бұрышы балалардың тамақтануына арналған. Бір бала 2 үйірмеге қатысар болса, арасында үзіліс жасап демалуға, тамақтануына жағдай жасалған, - дейді орталық директоры.

Директорының айтуынша, орталыққа қаладағы 21 мектептің оқушылары келеді. Бұл орталықта 14 үйірме жұмыс жасайды. Оның 6-ы спорттық бағытта болса, қалғаны шығармашылыққа бейімделген. Ал бас ғимараттағы шығармашылық үйірмелер мен спорттық секциялардың әр тобында 20 бала бар, яғни, орталық бір мезгілде 160 бала қабылдайды. Негізі мұндағы үйірмелерге 700-ге жуық бала қатысады. Жалпы, аталған орталықтың 9 ғимараты 2500-ден астам баланы қабылдап отыр. 

Қызылорда облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған 69 үйірме жұмыс істейді

Орталықтың кіре-берісіне сурет салу, кестелеу тобындағы балалардың қолынан шыққан туындылардан көрме ұйымдастырылған.

Мұнда бір ай ішінде үздік деп танылған туындылар ілінеді. Бұл балаға жігер беріп, ынталандырады. Жалпы, мұндағы әрбір үйірменің балаға берері мол. Бала бір үйірме арқылы өзін біршама дамытуға мүмкіндік алады. Мәселен, кестелу үйірмесінде бала тек кесте тігіп қана қоймай, бұл өнер арқылы оның жазу үлгісі дұрысталады. Сондай-ақ бисер үйірмесінде бала ұсақ заттармен жұмыс істеу арқылы ми талшықтарын оятып, оны есепке жүйрік етеді. Ең бастысы орталық арқылы бала өзіне жаңа орта, дос табады. Оның өзіне деген сенімділігі пайда болады, - дейді Жандос Тұсмағанбетов.

Қызылорда облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған 69 үйірме жұмыс істейді

Бірнеше айдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан орталық оқушыларының бүгінде жеткен жетістіктері де бар. Мәселен, жуырда Шымкент қаласындағы балалар арасында республикалық өнер фестивалінде орталықтың 4 тобы бақ сынады. Оңтүстік өңірде өткен байқауға 35 команда қатысты. Осы байқауда спорттық би тобының жас өрендері бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ үш топ гран-при жеңіп, осы жылдың маусым айында Алматы қаласында өтетін би байқауына жолдама алды.  Осы орайда орталық директоры «балаларды байқауға қатыстыру арқылы олардың әлеуетін арттырамыз» дейді. 

Қызылорда облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған 69 үйірме жұмыс істейді

Ерекше атап өтері, «Samruk kids» орталығының қызметін мүмкіндігі шектеулі, онкологиялық, қан диабеті және демікпе сырқатына шалдыққан және отадан шыққан балалар да ала алады. Қазіргі таңда орталықтың 7 педагог маманы 110 мүмкіндігі шектеулі баланың үйіне барып қызмет көрсетеді.

Бұл балалардың ешбірі үйірмеге бармайды. Олардың дені отадан шыққан, біршама айлар бойы төсекке таңылған балалар болғандықтан, олардың да мемлекеттің қолдауына ие болуға толық құқығы бар. Олар да осы әсерлі сәтті сезінгісі келеді. Сондықтан Қазақстанда алғаш рет ерекше балаларға біздің орталық үй ішіндегі үйірмені ұйымдастырып келеді. Бұл игі іс биылғы жылдың қаңтар айынан бастап қолға алынды, - дейді Жандос Тұсмағанбетов. 

Үй жағдайында қызмет алатын балалар бисер, кесте тігу, көркем оқу, сурет салу бағыттары бойынша өздерін дамытуда. Бүгінгі күні 25 баланың ата-анасы балаларын орталыққа әкелуде. Оларда қозғалыс, өзгеріс бар. 

Біз ауылдың жасөспірімдері мен интернат, арнаулы әлеуметтік қызмет алу орталықтарының балаларын да назардан тыс қалдырмай келеміз. Қызылорда қаласына Қарауылтөбе, Талсуат және Ақжарма ауылдық округтерінде де орталық мамандарының жұмыстары басталды. Бұл ауылдар облыс орталығына жақын болғанымен, қоғамдық көлікпен қатынау мәселесі қиындық туғызып отыр. Біз балаларға қолайлы жағдай жасауды көздеп отырмыз. Сондай ақ орталықтар мен интернаттағы балаларға да мамандар барып, шығармашылық бағытта сабақ өтеді, - дейді орталық директоры. 

Алдағы уақытта аталған орталықтың жаңа ғимараттарында жаңа үйірмелер ашылады. Мәселен, дефиле өнері, заманауи арт, компьютерлік графика сынды үйірмелер бойынша жас жеткіншектерді қабылдайды. 

Орталық мамандарының айтуынша, бұл үйірмелер жасөспірімдердің алдағы уақытта мамандық таңдауына өз септігін тигізбек.

Мемлекеттік тапсырыс арқылы балалар мен жасөспірімдерді шығармашылық үйірмелермен қамтамасыз ету жобасы аясында биылғы жылдың қаңтар айында «Талант» орталығы да өз жұмысын бастады.

Қызылорда облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған 69 үйірме жұмыс істейді

Қала орталығынан орын тепкен шығармашылық топта ұлттық (халықтық) би, домбыра, сурет салу үйірмелері жұмыс істеуде.

«Талант» орталығы қаңтардың соңғы аптасында жұмысын бастады. Негізі 300-ден астам баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Жуырда ғана ашылғандықтан алдағы уақытта балалардың үйірмеге жазылуы көбейеді деген үміт те жоқ емес. Дегенмен дәл қазіргі мақсатымыз санға емес, сапаға жұмыс істеу, - дейді «Талант» орталығының директоры Алмат Көптілеуов.

Қазіргі таңда орталыққа екі мезгілде 200 бала келеді. Сонымен қатар мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау ата-аналарға өз көмегін тигізуде. Бұрын мұндай үйірмелер ақылы негізде қызмет етсе, қазіргі күні жаңа жоба аясында балалар тегін, өзінің қалаған үйірмесіне барып, сол арқылы өзін дамытуға мүмкіндік алып отыр. Бұл баланың бос уақытын тиімді пайдалануға, түрлі өнерге баулып, қосымша білім алуына, жетістікке жетуіне септігін тигізеді. Ата-аналар инвестицияны өз балаларының болашағына құю қажет. Осы орайда мемлекет ата-анаға да, балаға да мол мүмкіндік беріп отыр. Сол мүмкіндікті балалар жіберіп алмауы қажет, - дейді орталық директоры.

Қызылорда облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған 69 үйірме жұмыс істейді

Мемлекет басшысы 2022 жыл - Балалар жылы деп жариялаған болатын. Осы жылы балалардың игілігіне атқарылатын істер қатары көбейетіні белгілі. Аталған жоба да балалар жылына өз үлесін қосып келеді. Алайда, расында санға емес, сапаға аса мән беру қажет. Баланың сапалы қызмет алуы басты назарда болуы тиіс. 

Осы орайда «Samruk kids» орталығының директоры Жандос Тұсмағанбетов жақын арада Қызылорда облысы бойынша шығармашылық үйірмелер мен спорт секциялары қауымдастығын құрылатынын айтты.

Мамандары толық, өз алдына дербес жұмыс жасайтын және мүмкіндіктері бар орталықтарды қауымдастық қатарына қосамыз. Бірлескен жоспар жасай отырып, баланы дамыту, өнерге баулу, жарыстарға апару сынды мәселелер талқыланатын болады. Қауымдастыққа барлық орталық кіреді деп айта алмаймын. Арнайы талаптар қойылады. Сол талаптарға сай орталықтар қауымдастық мүшесі болып, тауарлық белгі бекітіледі. Басты талаптар педогогикалық ұжымның кәсіби біліктілігі, іскерлігі, балаларға көрсетілетін қызмет түрлері. Қауымдастыққа кіруге үмітті орталықтар осы бағыттар бойынша тиянақты жұмыс істеуі қажет. Барлық орталық қауымдастық мүшесі бола алады деп айта алмаймын, - дейді Жандос Тұсмағанбетов. 

Қазіргі ата-анада баланың потенциалын ашып, оны басқа қырынан тануға мүмкіндігі бар. Мемлекет тарапынан тегін беріліп жатқан сол мүмкіндікті әр ата-ана тиімді пайдалана біруі қажет.

Өзгелердің жаңалығы