Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында ауыл тұрғыны Мұрат Жартыбаев омарташылық кәсіпті қолға алды.
Мұрат Жартыбаев Сырдария ауданына қарасы Шаған елді мекенінде тұрады. Оның айтуынша, омарташылық оңай кәсіп емес. Себебі, араларды баптап, күтудің әдістерін білу керек. Әрі асқан ыждаһаттылықты қажет етеді.
«О баста омарташылықты Александр дейтін танысымнан естігем. Содан қызығушылық оянды. Бал арасын өсіруге деген ынта пайда болды. Алдымен омартаны орналастыратын жерді таңдадым, ол жер желдің өтінде болмауы керек, ықта орналасқаны дұрыс. Омартының айналасында бау-бақша, ағаштар, гүлдер, шөптер өссе ісің алға басады. Себебі, аралар бал тартуы керек. Содан кейін керекті құралдарды алдым және омартаның құрылысына ерекше ден қою қажет», - деді Мұрат Жартыбаев.
Омарташы әдепкіде 2 ара отбасын сатып алған. Кәсібін бастарда әр қадамын ақылмен басып, омарташылықпен айналысқан азаматтармен ойласып, кітаптың түр-түрін оқып, ізденеді.
«Негізі кәсіпті қателесіп жүріп үйренеді екенсің. Сол қателікті түзеп, нәтижесіне көз жеткізсең, істі дамытуға деген ынтаң арта береді. Сөйтіп менің қызығушылығым кәсіпке айналды. Бұрын араның отбасы 2 жәшік болса, қазыр оны 10-ға жеткіздім. Жәшікті көбейте беремін. Оның саны артса табыс әкеледі. Қазір біздің жұмыс қызған шақ. Нақты айтқанда, мамырдан бастап қыркүйек айының соңына дейін бізге тыным жоқ. Осынау уақытта жасыл желекті аумақтарға көшіп жүреміз. Араларымыз әр гүлге, шөпке қонып, бал жинайды», - дейді омарташы.
Мұрат Жартыбаевтың айтуынша, аралар – еңбекқор. Әрқайсысы өз міндетін мүлтіксіз орындайды.
«Аралар әлемінің қалыптасқан жүйесі бар. Тәртібіне, ережесіне қарап, таңқаласың. Мәселен, ара бал жинап әкелмесе, омартаның «есігінде» тұрған күзетшілер ішке кіргізбей қояды. Жалқаулар, масылдар жоқ аралардың арасында. Тазайынды болып келеді», - деді кәсіпкер.
Омарташыға баласы Дәулет қолғабыс етіп жүр. Ол әкесінің бастаған ісін жалғастырмақ.
«Әкемнің қасында жүріп, омарташылықпен айналысуға ықыласым ауды. Байқауымша, араларды қарауға шығын көп кете қоймайды екен. Бірақ біраз еңбек ету керек. Аралар екі жылдың ішінде қартайып кетеді. Әр аптада 2 рет денсаулығын қарап тұрамыз. Аралардың желкесінде ұсақ кене болуы мүмкін. Ол көзге көріне қоймайды. Егер кене болса, ара ауыра береді. Арасында қанатын қайырып алатындары да болады. Жалпы, бал араларында 50 шамасында ауру кездеседі. Олардың денсаулығын күту де үлкен жұмыс. Ал күз мезгілінде аралар ұясына енеді. 5 градус суықтың өзіне шыдай алмайды. Қыс бойы өзінің өнімін азық қылып, ұйқыға кетеді», – деді Дәулет.
Мұрат Жартыбаев ұлы Дәулет екеуі бал арасымен ауылдастарын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Олар таза әрі сапалы өнімге әрдайым сұраныс болатынын айтады. Өз бетінше кәсібін бастаған ауыл тұрғыны алдағы уақытта мемлекеттік қолдаудың мүмкіндігін де пайдаланғысы келеді.