Қызылорда облысында алкоголь өнімдерін өткізу талаптарын бұзған 181 азық-түлік дүкенінің сатушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Полиция қызметкерлері «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың, сондай-ақ қоғамдық орындарда мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша күнделікті рейдтер жүргізіп келеді.
Жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабы бойынша 181 әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ лицензиясы бар сауда орындарында 21 жасқа толмағандарға алкоголь өнімін сату фактісі бойынша 30 хаттама, ал лицензиясыз дүкендерге қатысты ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша 7 әкімшілік хаттама рәсімделді.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандардың қоғамдық орында мас күйде жүруі немесе алкоголь өнімін тұтынуына байланысты олардың ата-аналарына қатысты ӘҚБтК-нің 440-бабының 2-бөлігі бойынша 27 әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция заңнамаға сәйкес алкоголь өнімдерін белгіленген уақыттан тыс сатуға тыйым салынатынын еске салып, заң талаптарын бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.