Вице-премьер-министр Қанат Бозымбаев Коммуналдық және энергетикалық секторларды жаңғырту (МЭКС) Ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі Жобалық кеңсенің отырысын өткізді. Кездесу барысында ағымдағы жылға арналған жоспарлар қаралды, сондай-ақ келесі жылға жобаларды қалыптастыру және рәсімдерді үйлестіру жұмыстары басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі таңда коммуналдық кәсіпорындардың Ұлттық жобаға қатысуға жоғары қызығушылық танытқаны тіркелген. Қазірге дейін 101 кәсіпорын 439 жобаны жүзеге асыруға өтініш берді. 34 жоба іске асырылу кезеңінде, 65 жоба іске қосылуға дайын.
Сәуір-мамыр айларында жөндеу жұмыстары белсенді фазасына кіретінін ескере отырып, вице-премьер МЭКС Жоспар-графигінің орындалуын техникалық оператормен бірге ерекше бақылауға алу қажеттігін тапсырды.
Жоспар-графикте нақты тапсырмалар мен көрсеткіштер қарастырылған, оның ішінде желілердің ұзындығы мен әр өңір мен инфрақұрылым бағыты бойынша қаржыландыру көлемдері бар. 2026 жылы жылыту желілерінде тозуды 48%-ға, электрмен жабдықтауда 62%-ға, сумен жабдықтауда 37%-ға, су ағызуда 49%-ға төмендетуіміз қажет. Сондай-ақ жаңа энергетикалық қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Сондықтан біз Жоспар-графикке қатаң түрде сүйенуіміз керек, - деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер аймақ әкімдіктеріне «қызыл аймақтағы» кәсіпорындарға жұмысты жеделдетуді тапсырды. Қазіргі уақытта Ұлттық жобаға шамамен 54 осындай субъект қамтылған.
Отрыста канализациялық-тазалау қондырғыларын (КОС) жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Ұлттық жобамен 36 КОС қамтылған. Оларды қаржыландыру механизмдері талқыланды – жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздары арқылы және халықаралық қаржы институттарының қаражатын тарта отырып. КОС жобаларын іске асыру үшін Жол картасы бекітіледі, оның ішінде Дүниежүзілік банкпен жұмыс жүргізу мәселелері де қарастырылған. Тиісті тапсырмалар аймақ әкімдіктеріне, техникалық және қаржылық операторларға берілді.
Қанат Бозымбаев МЭКС аясында жүзеге асырылатын барлық жобаларды уақтылы қаржыландырудың маңызды екенін атап өтті. «Бәйтерек» ҰБХ деректері бойынша, 76 жоба жалпы құны 148 млрд теңге көлемінде қарастырылған.
Ұлттық жобаның негізгі кредиторларының бірі – Қазақстан даму банкі. Қазіргі уақытта 14 коммуналдық кәсіпорынның жобалары әртүрлі кезеңдегі банктік сараптамадан өтуде, жобалардың жалпы құны шамамен 375 млрд теңге.
Тағы бір қаржыландыру көзі – мемлекеттік бағалы қағаздар. Өткен жылы Ұлттық жоба аясында 15 жобаны жүзеге асыру үшін 29,3 млрд теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар сатып алынған. Биыл осы жобаларды аяқтау үшін қосымша 26 млрд теңге қарастырылған.
Ұлттық жобаның үздіксіз іске асырылуын қамтамасыз ету үшін Қанат Бозымбаев МЭКС Электрондық сатып алу платформасын жетілдіруді тапсырды. Сондай-ақ профильдік ведомстволарға есептеу құрылғыларының бірыңғай стандарттарын қабылдау мен Smart Turmys ақпараттық жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды. Жүйенің іске қосылуы ағымдағы жылдың жазына жоспарланған.