Бүгін, яғни 7 қыркүйек күні кешкісін қазақстандықтар сирек кездесетін астрономиялық құбылыстың – Ай тұтылуының куәсі бола алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл құбылысты қарапайым көзбен көруге мүмкіндік бар.
Мәскеу планетарийінің мәліметінше, 7 қыркүйекте Айдың толық тұтылуы күтілуде. Ай Жердің көлеңкесінің оңтүстік бөлігін, оның ортасына жақын аймағын басып өтеді. Толық фазаның ұзақтығы – 1 сағат 22 минут, ал тұтылудың жалпы уақыты шамамен 5 жарым сағатқа созылады. Бұл құбылысты Антарктида, Австралия, Океания, Азия, Ресей, Африка және Еуропа аумақтарынан тамашалауға болады.
Бұл Ай тұтылуы бақылау үшін өте қолайлы. ТМД елдерінің басым бөлігі құбылыстың барлық фазасын көре алады, – делінген планетарий хабарламасында.
Фесенков атындағы астрофизика институтының астрономы Светлана Мошкинаның айтуынша, бұл – 2025 жылғы үшінші Ай тұтылуы және Қазақстан аумағынан көрінетін жалғыз құбылыс.
Айта кетерлігі, Алматыда Айдың Жердің көлеңкесіне енуі сағат 21:26-да басталады. Толық фаза 22:29-да басталып, 23:53-те аяқталады. Ал тұтылу толықтай 00:56-да тәмамдалады.
Басқа қалаларда уақыт шамалы өзгеше болуы мүмкін, – деді астроном Светлана Мошкина.
Оның мәліметінше, құбылысты бақылау үшін арнайы құралдың қажеті жоқ – тұтылу жай көзге айқын көрінеді. Ең бастысы, жарығы шамадан тыс қала шамдарынан алыс, ашық аспан астын таңдау керек. Тұтылу кезінде Айдың түсі біртіндеп күңгірттеніп, сұрғылт-қызғылт реңкке боялады, кейін қайтадан жарқырай бастайды.
Ал егер қолыңызда дүрбі не телескоп болса, қосымша көптеген бөлшектерді көруге болады.