Қызға үйленуге ұсыныс жасалып, азаматтарға сыйлық таратылды: Сайлау учаскесінде қандай қызық болды?

ТДМ бақылаушылар миссиясының өкілі Қазақстандағы референдум туралы ойын айтты.

 ©BAQ.KZ Кеше 2026, 18:05
Кеше 2026, 18:05
501
Фото: ©BAQ.KZ

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқару комитетінің өкілі, ТМД бақылаушылар миссиясының басшысы Игорь Петришенко Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингте Қазақстандағы республикалық референдумды бақылау барысы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, ТМД миссиясы Қазақстандағы электоралдық процестерді бақылауға бұрыннан қатысып келеді.

ТМД миссиясы – дәстүрлі бақылаушы миссия. Біз Қазақстандағы сайлау және референдумдарды бақылауға бірнеше рет қатыстық. Биыл біздің миссия құрамында 161 халықаралық бақылаушы аккредиттелген, – деді Игорь Петришенко.

Оның айтуынша, бақылаушылар Қазақстанның тоғыз өңірінде және шетелдегі қазақстандық дипломатиялық өкілдіктер орналасқан 12 мемлекетте жұмыс жүргізіп жатыр.

Қазіргі уақытқа дейін біздің бақылаушылар 500-ден астам дауыс беру учаскесінде болды. Бақылаушылардың бір бөлігі Астанада жұмыс істеп жатыр, – деді миссия басшысы.

Ол сайлау учаскелеріндегі ұйымдастыру жұмыстарына да тоқталды.

Біз дауыс беру учаскелерінде комиссия мүшелерінің өз міндеттерін жақсы білетінін және кәсіби деңгейде жұмыс істеп жатқанын көрдік, – деді ол.

Сонымен қатар бақылаушылар алғаш рет дауыс берген жастарға көрсетілген құрметті атап өтті.

Кейбір учаскелерде алғаш рет дауыс берген азаматтарға естелік сыйлықтар табысталып жатыр. Бұл – жастарды ынталандыратын жақсы дәстүр. 18 жасқа толған азаматтар өздерінің конституциялық міндетін алғаш рет орындап жатыр, – деді Игорь Петришенко.

Ол референдум кезінде ерекше оқиғаға да куә болғанын айтты.

Бір учаскеде дауыс бергеннен кейін жас жігіт қызға үйлену туралы ұсыныс жасады. – деді миссия басшысы.

Бақылаушылар тағы бір маңызды ерекшелікті атап өтті.

Көптеген учаскелерде қоғамдық бақылаушылардың қатарында жастар көп. Бұл олардың елдің болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді, – деді ол.

Миссия басшысы дауыс беру учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жағдай жасалғанын жеткізді.

Қазақстанда 18 жастан асқан 620 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Біз олардың дауыс беруі үшін қажетті жағдайлардың жасалғанын көрдік, – деді ол.

Сонымен қатар ол референдумның қоғамдағы маңызды саяси оқиға екенін атап өтті.

Біз барған учаскелерде адамдар жақсы көңіл-күймен дауыс беріп жатыр. Кейбір жерлерде шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, мерекелік атмосфера қалыптастырған. Көптеген азамат дауыс беруге балаларымен бірге келді. Бұл – болашақ ұрпаққа азаматтық жауапкершілік үлгісін көрсетудің бір жолы, – деді Игорь Петришенко.

Оның айтуынша, миссия бақылауды дауыс беру учаскелері жабылып, дауыстарды санау аяқталғанға дейін жалғастырады. Ертең бақылаушылар миссиясы қорытынды баспасөз конференциясын өткізеді.

Наверх