Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғатта әрбір адам өз тегімен аталуы тиіс екенін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі Алла Тағала Құранда мұны ескерткенін жеткізді.
Асыранды балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар. Алланың құзырында ең дұрысы сол, - делінген онда.
Осы аятты алға тартып кейбір ғалымдар тұрмысқа шыққан қызға күйеуінің тегіне өтуге тыйым салады. Ал кейбірі әйелдің күйеуінің тегіне өтуі ғұрыпта қалыптасқан әрі елге таныту мақсатында болса оқасы жоқ дейді. Өйткені Құранда: "Нұхтың әйелі және Лұттың әйелі" деп әйелдерді күйеуінің атымен танытып тұр.
Яғни тұрмысқа шығатын қыздың күйеуінің тегіне ауысуына болады, бірақ міндетті емес. Күйеуі де оны өз тегін алуға мәжбүрлеуі дұрыс емес. Бірақ тұрмысқа шыққан әйел өз әкесінің атымен аталуы тиіс. ҚМДБ хабарлауынша, оны өзгерту – харам.