Kazakh Toursim Ұлттық компаниясының басқарушы директоры Даниел Сержанұлы Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимнің еліміздің туризіміне тигізер пайдасын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қытай елі Қазақстан үшін жай ғана туристік нарық емес. Ол – стратегиядық түрде басым нарықтың бірі. Себебі, біріншіден, біз шекаралас мемлекетпіз. Екіншіден, Қытайдың шығу туризіміне байланысты. Пандемияға дейін 150 млн қытайлық 2019 жылы шетелге шыққан. Сондықтан бұл өте үлкен мүмкіншілік және оны пайдалану үшін 2017 жылдан бері 72 сағаттық транзиттік виза режимі енгізілген болатын. Былтыр 15 күндік виза режимі енгізілді. Дегенмен биыл 30 күндік визасыз режимді енгізуді қолға алды. Бір айлық режимнің ерекшелігі – оның екіжақты болуы. Бұның да маңызы зор. Өйткені мұндай нәрселерге жалпы екіжақты келісімдерге туристердің өзі де сеніммен қарайды. Үшіншіден, қазақстандық туристік компанияларға басқа бизнес өкілдерінің Қытайға барып өз жұмыстарын жүргізуге екіжақты белсенділікті арттыруға септігін тигізеді, –дейді Даниел Сержанұлы.
Маманның айтуынша, биылғы 10 айдың өзінде 85 мыңға жуық турист келген. Турист ағыны артқан сайын табыс көлемі де артады.
Статистикаға келер болсақ, пандемияға дейін Қазақстанда 90 мыңға жуық қытайлық туристер келді. Биылдың өзінде 10 айдың көрсеткіші бойынша 85 мыңға жетіп қалды. Бұл – жылдың аяғына дейін пандемияға дейінгі көрсеткіштен асып түсеміз деген сөз. Былтыр 45 мың турист келген. Биыл екі есе асып түскен. Қытайлық туристер 2021 жылы 8 млн доллар пайда әкелсе, 2022 жылы 16 млн пайда әкелген. Биыл да туристерден келетін түсім еселенеді деген болжам бар. Әрине, бұл басы ғана. 2019 жылы 50 млн көрсеткіш болған екен. Алдағы уақытта бір айға созылатын визасыз режимнің арқасында туристерден келетін табыс артатыны сөзсіз, – дейді Kazakh Toursim Ұлттық компаниясының басқарушы.
Еске сала кетейік, келесі жылы визасыз режиммен қатар Қытайдағы Қазақстан жылы атап өтілмек. Осынау маңызды шараның арқасында өз елімізді таныстырып, мәдениетімізді таныстурға таптырмас мүмкіндік туындамақ.
Келесі жылы Қытайдағы Қазақстан жылы атылып өтіледі. Осы іс-шараның барысында өз еліміз, Қазақстанның туризмі жайында ақпаратты одан әрі кеңірек таратамыз деген жоспарымыз бар. Қазақстан жылы наурыз айында басталмақ, жыл бойы ең ірі туристік көрмелерге қатысып, Қазақстанның туристік бизнесін таныстырып, Қытай тарапымен екіжақты мықты ынтымақтастық орнату ойда бар. Сондай-ақ Қытайдың беделді БАҚ өкілдерін немесе блогерлерін елімізге әкеліп, Қазақстанды аспан асты еліне таныстыруды жоспарға кіргізіп отырмыз. Соның арқасында олар бізге көбірек келе бастайды деген сенімдеміз. Себебі шекара ашқаннан кейін қытайлық туристер өз бетімен келе бастайды деп айта алмаймыз. Себебі туризмді дамыту үшін визасыз режим немесе тікелей әуе байланысы деген негізгі алғы шарт қой. Ал туристер келу үшін оларға туристік өнім әзірлеу керек. Олардың елге келуі үшін жарнама жасап, таныстыру керек. Туристерге біздің елімізге келгенде қандай жерлерде демалуға болатыны туралы ақпарат беруміз керек. Онсыз, әрине, туристік ағын көбеймейді. Дегенмен визасыз режим деген ең негізгі іргетасы деуге болады. Бүгінге дейін апта сайын 20 рейс ұшады. Бұдан басқа визасыз режим енгізілсе, рейстер саны артады. Осы екі жақты пайдаланып, маркетинг жасасақ, олардың ағыны еселеп өседі деген сенімдеміз, – дейді Kazakh Toursim Ұлттық компаниясының басқарушы директоры Даниел Сержанұлы.