"Қытайлық көліктердің сапасы нашар" – қазақстандықтар шағым түсіріп жатыр

Бүгiн, 16:31
1214
Бөлісу:
"Қытайлық көліктердің сапасы нашар" – қазақстандықтар шағым түсіріп жатыр
Фото: Жасанды интеллект

Соңғы жылдары қытайлық автокөліктердің Қазақстанда танымалдығы артып барады. Алайда олардың сапасына қатысты тұтынушылардың шағымдары да көбейіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2024 жылы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне (ҚР СИМ ТҚҚК) және оның өңірлік департаменттеріне «Темір тұлпарларға» қатысты 57 өтініш түскен. Бұл – бір жыл ішінде автомобильдерге қатысты тіркелген 144 шағымның әрбір оныншысы.

Қозғалтқыш қорабының ақаулары;
Электроника мен салқындату жүйесіндегі кемшіліктер;
Автокөлік сипаттамаларының көрсетілген талаптарға сәйкес келмеуі сияқты шағымдар тіркелуде.

Комитеттің дерегінше, кейбір тұтынушылар көлікті автосалонға қайтаруға мәжбүр болған. Ал басқа жағдайларда өңірлік департаменттердің араласуымен автосалондар ақауы бар бөлшектерді өз есебінен жөндеуге немесе ауыстыруға міндеттелді.

Автосалондарға қатысты шағымдар қандай өңірлерде жиі тіркелді?

Қазақстанның барлық өңірінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері автокөлік иелерінің мәселелерін шешуге атсалысты.

• Астана (6 шағым) және Алматы (9 шағым) – ең көп шағымдар тіркелген мегаполис қалаларда. Мұнда департаменттер сот процестеріне қатысып, келіссөздер арқылы дауларды шешуге көмектесті.

• Ақмола облысы (2 шағым) – қозғалтқышты ауыстыру және 9,99 млн теңгеге дейінгі ірі сомаға қатысты мәселелер қарастырылды.

• Алматы облысы (3 шағым) – бір көлік айырбасталып, қалған екі көлік бойынша қаржы қайтарылды.
• Ақтөбе облысы (1 шағым) – сот шешімімен 16 млн теңгеден астам қаржы, оның ішінде айыппұл және моральдық өтемақы өндірілді.
• Атырау (5 шағым) және ШҚО (4 шағым) – тұтынушыларға құқықтық көмек көрсетілді, жоспардан тыс тексерулер жүргізілді, бір жағдайда 7,04 млн теңге қайтарылды.
• Жетісу облысы (3 шағым) – 8 млн теңге көлеміндегі көлік ақауы жөнделіп, қалғандары қаралуда.
• БҚО (4 шағым) – 7,1 млн теңге тұтынушыға қайтарылды.
• Қарағанды облысы (3 шағым) – тұтынушыларға шағым дайындауда құқықтық қолдау көрсетілді.
• Қостанай облысы (7 шағым) – әртүрлі маркалар бойынша ең көп шағым тіркелген өңір, көбінесе шағымдар мен сараптамалар жүргізуге көмек көрсетілді.
• Маңғыстау облысы (1 шағым) – тұтынушының шағымы қанағаттандырылды.
• Павлодар облысы (4 шағым) – бір жағдайда сот арқылы 11 млн теңге өндірілді.
• Түркістан облысы (2 шағым) – мәселелер жазбаша өтініштер арқылы шешілді.
• СҚО (2 шағым) – бір автокөлік жөнделді, екінші шағым бойынша іс сотқа жіберілді.
• Ұлытау облысы (2 шағым) – сотқа жетпей шешілді.
• Шымкент (5 шағым) – көп жағдайда қаржы қайтарылды, бір іс сотта қаралуда.

Комитет және оның өңірлік департаменттері автокөлік сатып алушыларға келесі кеңестерді ұсынады: 

Өндіруші мен автокөлік моделі туралы толық ақпаратты мұқият зерттеңіз;
Басқа тұтынушылардың пікірлермен танысып шығыңыз; 
Кепілдік шарттарын мұқият оқып шығыңыз; 
Құжаттарсыз және кепілдіксіз көлік сатып алмаңыз; 
Егер көлікте ақау болып шықса, алдымен дилерге немесе сатушыға жазбаша шағым жіберіңіз.

Егер дилер 10 жұмыс күні ішінде жауап бермесе немесе мәселені шешуден бас тартса, ТҚҚК-нің өңірлік департаменттері тұтынушыларға құқықтық кеңес беруге, талап арызды дұрыс рәсімдеуге және қажет болған жағдайда сотта тұтынушының мүддесін қорғауға көмектеседі. Шағымды "Е-otinish" жүйесі арқылы бере аласыз.

Өзгелердің жаңалығы