Қытайдың солтүстігіндегі Ішкі Моңғолия автономиялық ауданында орналасқан Баотоу қаласында болат табақ прокаттайтын зауытта жарылыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ "Синьхуа" агенттігіне сілтеме жасап.
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 15:00-де (Астана уақытымен 12:00) Baogang United Steel компаниясына қарасты зауытта тіркелген.
Кәсіпорын болат табақ өндіруге маманданғаны белгілі.
Жарылыс салдарынан жақын маңдағы аудандарда айқын дүмпу сезілді, - делінген хабарламада.
Басылымның мәліметінше, бес адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, тағы 66 адам ауруханаға жеткізілген.
Жарылыс орнында құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр. Апаттың себептері анықталуда.