Қытайдан Қазақстанға заңсыз балық тасымалдаған қырғызстандық ұсталды

26 Ақпан 2019, 11:55
2375
Бөлісу:
Қытайдан Қазақстанға заңсыз балық тасымалдаған қырғызстандық ұсталды

Астана, BAQ.KZ. Қытайда ысталған 1500 кг «судак» балығын алып кірмек болған қырғызстандық ұсталды. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Кеше кешкілік, Қордай шекара отрядының «Қордай-авто» өткізу бөлімшесінде шекарашылар «Мерседес-бенц» автокөлігімен біздің елімізге кірмекші болған, 1982 жылы туған Қырғыз Республикасы азаматын ұстады. Ол өзімен бірге ешқандай рұқсат құжаттарынсыз 150 қорпқа салынған, жалпы салмағы 1500 кг Қытайда ысталған «судак» балығын алып кірмек болған» - делінген хабарламада.

Тауар актіленіп Қордай аудандық малдәрігерлік бөліміне тапсырылды.

Балық демекші... өткен демалыс күндері Жағалау күзеті Өңірлік басқармасына қарасты Атырау шекара отрядының «Евразия» шекара заставасы аумағында орналасқан Дамба елдімекенінің маңынан шекарашылар екі бірдей үшдөңгелекті «Урал» мотоциклін тауып алған.

«Шекарашылардың жақындап қалғанын телефон арқылы естіді ме екен, «отарбалардың» иелері ұшты-күйлі «ғайып» болып үлгеріпті. Олардың қауырт қашуына себеп болған, мотоциклдердің «бесіктеріне» толтырылған, еліміздің байлығының бірі - бағалы балықтар болып шықты. Жалпы салмағы - 150 кг төңірегінде» - делінген баспасөз хабарламасында.

Табылған көлік құралдары мен балықтар актіленіп, Атырау облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау орындарының қызметкерлеріне тапсырылған болатын.

Өзгелердің жаңалығы