Шекара қызметінің деректеріне сәйкес қазақстандықтардың ҚХР сапарлары 31%, ал Қытайдан Қазақстанға келген меймандар қатары 50%-ға артқан, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Алматыда өткен Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми жабылу рәсімінде Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев мәлімдеді.
Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы ішінде ҚХР қалаларында 30-дан астам ірі іс-шара ұйымдастырылып, 200-ден астам келісімге қол қойылды. Іскерлік және мәдени миссиялар екі ел арасындағы туристік және мәдени алмасуды дамытуға, Қазақстанның тартымды туристік бағыт ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етті.
Биылғы жыл Қазақстан мен Қытайдың туризм саласындағы өзара іс-әрекетінің айтарлықтай кеңеюімен ерекшеленді. Біздің елдеріміз арасындағы туристік ағын елеулі өсімді көрсетті. Шекара қызметінің деректеріне сәйкес қазақстандықтардың ҚХР сапарлары 31%, ал Қытайдан Қазақстанға келген меймандар қатары 50% арта түсті. 2024 жылдың 10 айында елімізге 550 мың адам келді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 367 мың адамды құрады. Бұл біздің елдерімізге деген қызығушылықтың артқанын, сонымен бірге Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында жүзеге асырылған жобалар ауқымды нәтиже беретінін көрсетеді, - деді Ержан Еркінбаев.
Қазақстанның ҚХР-дағы туризм жылының жалпы медиа нәтижесі 1,8 млрд қаралымға жетті. Әлеуметтік желілердегі еліміз туралы жарияланымдардың қамтылу деңгейі 160 млн пайдаланушыны құрады.
Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы саяхатшылар үшін жаңа көкжиектер ашып, туризм индустриясы өкілдеріне серіктестікті кеңейтуге жол ашты.