Қытайда оқитын қазақстандық студенттер өз таңдауын жасап, сайлау туралы ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Қытайдың Бейжің қаласындағы №257 сайлау учаскесінде дауыс беру барысы қарқынды өтіп жатыр. Сайлаушылар қатары аз емес. Алғашқылардың бірі болып таңертең ерте бірқатар студент келіп дауыс берді.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы елшілігінде №257 сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша 7.00-де жұмысын бастағанын хабарлаған болатынбыз.
Еліміз үшін маңызды шешімді қабылдауға атсалысқан студенттерден сайлау туралы ойларын сұрап көрдік.
Алғаш рет дауыс беруге келдім. Бұл мен үшін өте қызық тәжірибе. Өйткені әр сайлау сайын дауыс беруге барғым келетін. Сондай-ақ дәл президент сайлауына қатысқым келді. 2019 жылы өткен президент сайлауына баруға мүмкіндігім болмады. Ал осы жолы елімізді, Қазақстанымызды өркендете алатын үміткерге дауыс бере алғаныма қуаныштымын, - дейді Аружан Канафина.
Ол Бейжің университетінің «Тіл және мәдениет» факультетінің ІІІ курсында оқиды.
Қытайдағы Бейжің университетінің бірінші курс студенті Тілек Олжас 18 жаста. Ол бүгін Қытайдағы Қазақстан елшілігінде ашылған №257 сайлау учаскесіне келіп, алғаш рет өз таңдауын жасады.
Жас отандасымыз сайлауға қатысу әр азаматтың міндеті санайды.
Бүгін мен де достарым сияқты алғаш рет дауыс бердім. Ел үшін маңызды оқиғада елшілікке келіп, бірінші рет таңдауымды жасап тұрғандықтан болар, бойымды жаңа ерекше сезім баурап алды. Әрине, ол жақсы сезім. Десе де Қытайда әлі де карантин талаптарын сақтау қажет. Соған қарамастан, Отанымыз, еліміздің болашағы үшін өз таңдауымды жасауға келдім, - дейді отандасымыз Тілек Олжас.
Тілек Олжас Алматы қаласының тумасы. Ол Бейжіңде қытай тілі педагогикасы мамандығы бойынша оқып жатыр.
Сонымен қатар тағы бір жас отандасымыз Адина Есенова бүгін алғаш рет президент сайлауында өз таңдауын жасады. Ол сайлауға қатысу маңызды деп санайды.
Жасым 18-де. Бүгін сайлауға алғаш рет қатысып отырмын. Өз таңдауымды жасау мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын. Өйткені біз қазір елімізден жырақтамыз. Сайлауға қатысып, еліміздің болашағы үшін таңдау жасау мен үшін маңызды. Бұл бір жағынан біздің, Қазақстан азаматы ретіндегі миссиямыз, - дейді 18 жастағы студент.
Бейжің университетінің бірінші курс студенті Адина Есенова Қытайға 2 ай бұрын Алматыдан келген. Сөз арасында отандасымыз елімізді сағынан айтты.
Елімді қатты сағындым. Елшілікке кіргенде Туымызды, қазақша тілдескен отандастарымызды көріп, қатты қуандым. Бәрі өзіміздің қазақи стильде, - дейді отандасымыз Адина Есенова.
Әдия Шалқарбаева да 18 жаста. Ол Бейжің университетінде оқиды. Отандасымыз Бейжіңде жұмыс істеп тұрған сайлау учаскесінде үміткерлердің біріне дауыс берді.
ҚР президентін сайлауға қатысу мен үшін үлкен абырой. Сайлау Қазақстанның дамуына, жаңа әділетті Қазақстанды құруға өз септігін тигізеді деп үміттенемін. Бүгін алғаш рет өз таңдауымды жасадым. Бұл менің есімде мәңгі сақталады. Себебі маңызды шешімді еліміздің территориясында емес, шетелде жасау мүмкіндігіне ие болдым. Дауыс беруге досыммен бірге келдім, - деді ол.
Сондай-ақ 18 жастағы алматылық Әбілқайыр Қонақбай да бүгін таңдауын алғаш рет жасағандардың қатарында.
Бүгін көңіл-күйім өте жақсы. Себебі шетелде жүрсем де, елімнің болашағы үшін таңдауымды жасап, өз үлесімді қосуға мүмкіндік алдым. Бұл мен үшін абырой, - деп сезімін айтты Бейжің университетінің бірінші курс студенті Әбілқайыр Қонақбай.