Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Қытай вирусологтары жарқанаттардан адамға жұғуы мүмкін жаңа коронавирус (HKU5) анықтағаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін БАҚ-та Қытай ғалымдары жарқанаттардан жаңа коронавирус (HKU5) анықтағаны және оның адамға жұғу қаупі бар екені туралы ақпарат тараған болатын.
Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ), АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) және Қытайдың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының ресми сайттарында бұл вирус туралы ресми ақпарат жоқ, - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі эпидемиологиялық маусым басталғалы бері Қазақстанда 3,1 миллион жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 20%-ға аз. Сондай-ақ, зертханалық расталған 2370 тұмау жағдайы тіркелді, бұл өткен маусым деңгейімен шамалас.
Қазақстанда 2,3 миллионнан астам адамға тұмауға қарсы вакцина салынды, бұл халықтың 11,6 пайызын құрайды.
Коронавирус инфекциясы бойынша да елдегі жағдай тұрақты. Жыл басынан бері 116 COVID-19 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 есе аз. Өлім жағдайлары тіркелген жоқ. Соңғы мониторинг нәтижелері бойынша, елде "омикрон" нұсқасының кіші түрлері айналымда, - делінген хабарламада.
Аурудың алдын алу үшін Денсаулық сақтау министрлігі келесі шараларды сақтауды ұсынады:
- Адамдар көп жиналатын, әсіресе жабық орындарға баруды шектеу;
- Ғимараттарды үнемі желдетіп отыру;
- Қолды антисептикпен немесе дезинфекциялық сулықтармен өңдеу;
- Ауырып жатқан адамдармен байланысты шектеу және оларды оқшаулау.
Сондай-ақ, ДСМ өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін профилактикалық шараларды сақтауға кеңес береді.