Қытайда тұрып қалған 1 300 контейнер елге қарай жолға шықты

12 Сәуір 2022, 23:42
1928
Бөлісу:
Қытайда тұрып қалған 1 300 контейнер елге қарай жолға шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Былтырдан бері Қытай аумағында тұрып қалған қазақстандық 1300-ге жуық контейнер Қазақстанға келе жатыр, олар әрі қарай бизнесмендердің келісімшарттық міндеттемелеріне сәйкес басқа елдерге жөнелтіледі, деп хабарлады «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

Қазіргі кезде Қытай 45 контейнерді Ляньюньган портынан шығару жөніндегі жоспарға қосты, тағы 96 контейнер Қазақстан шекарасына жол тартты.

«Subaru Kazakhstan» ЖШС контейнерлері Қытай аумағында 5 ай бойы тұрып қалған. Жақын күндері контейнерлер Қазақстанға жетті. Жүктердің кешігуі компания үшін қосымша шығын болды.

Біздің компаниямыз сапалы бөлшектерді Жапониядан сатып алады. Қытаймен шекарада бөлшектердің тұрып қалуына байланысты қаржылай шығындар өсті. Бұл жайт техниканың бастапқы құнына теріс әсер етеді. Сонымен қатар біз Subaru-дың ресми дистрибьюторымыз және зауыттан кепілдік береміз. Демек қосалқы бөлшектерді жеткізудегі кез келген кідіріс клиенттерімізді күтуге, ал бізді олардың алдындағы міндеттемелерімізді бұзуға мәжбүр етеді, – деді «Subaru Kazakhstan» ЖШС директоры Ақылбек Анарбаев.

Палата 2022 жылы үкіметпен бірлесіп, контейнерлерді жөнелтуді жеделдету механизмін әзірледі: палата тұрып қалған контейнерлер туралы деректерді ҚТЖ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Сыртқы істер министрлігіне жібереді. Кейін мемлекеттік органдар Қытай тарапымен қозғалыс жоспарына Қазақстан контейнерлерін енгізу мүмкіндігін пысықтайды.

Бизнесмендерден Қытайда тұрып қалған контейнерлерге қатысты шағымдар 2020 жылдан бері түсіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы