Бэйбу шығанағындағы тропикалық депрессия жұма күні түстен кейін күшейіп, тайфун деңгейіне жетті. Бұл – биылғы 19-шы тайфун. Осыған байланысты Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығы «көк» деңгейлі ескерту жариялады.
Метеорологтардың болжамынша, жұмаға қараған түннен жексенбіге дейін тайфунның орталығы Бэйбу шығанағының үстінде іс жүзінде қозғалмай, біртіндеп күшейе түседі. Ол күшті тропикалық дауыл деңгейіне жетуі мүмкін.
Жексенбіге қараған түннен бастап тайфун солтүстік-шығыс бағытқа қарай сағатына 5-10 шақырым жылдамдықпен баяу қозғала бастайды деп күтілуде. Гуандун провинциясындағы Лэйчжоу түбегінің батыс бөлігінен Гуанси-Чжуан автономиялық ауданының оңтүстік жағалауына дейінгі жағалауға жақындаған сайын оның күші біртіндеп әлсірейді.
Жұма күні сағат 20:00-ден сенбі күні сағат 20:00-ге дейін Бэйбу шығанағында, Оңтүстік Қытай теңізінің басым бөлігінде, Баши бұғазында, Тайваньның шығысындағы теңіз айдынында, сондай-ақ Гуанси-Чжуан автономиялық ауданы мен Гуандун және Хайнань провинцияларының жағалауында дауылды жел соғады деп болжанып отыр.
Осы уақыт аралығында Гуанси-Чжуан автономиялық ауданының, Хайнань, Гуандун, Фуцзянь және Чжэцзян провинцияларының жекелеген аудандарында, сондай-ақ Тайваньда нөсер жауын күтіледі. Кей жерлерде жауын-шашын өте қатты болуы мүмкін.
Метеорологтар Хайнаньда, Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында және Тайваньда қатты жауын-шашынның салдарынан туындауы мүмкін қауіптердің алдын алу шараларын күшейтуге шақырды. Қытайдың оңтүстігіндегі жағалау аудандары мен Оңтүстік Қытай теңізінде екпінді желге байланысты қауіпсіздік шараларын қабылдау ұсынылды.
Қытайда қолайсыз ауа райына байланысты ескертудің төрт деңгейлі жүйесі қолданылады. Қауіптің ең жоғары деңгейі қызыл түспен белгіленеді, одан кейін қызғылт сары, сары және көк деңгейлер келеді.