Қытайдың гуманоид-роботы жартылай марафонды 50 минут 26 секундта жүгіріп өтіп, Угандалық желаяқ Джейкоб Киплимоның қазіргі әлемдік рекордын жеті минутқа озды, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.
Дегенмен мәреге жақын қалған сәтте андроид қоршауға соғылып, өздігінен тұра алмады, оған сырттан көмек көрсетілді.
Жарыс Бейжіңде өткен екінші робототехникалық жартылай марафон – E-Town аясында ұйымдастырылды. Стартқа 100-ден астам гуманоид-робот шықты, бұл былтырғымен салыстырғанда шамамен бес есе көп. Адамдар да қатарлас, бөлек жолақтармен жүгірді.
Регламент бойынша жеңімпаз ретінде Honor компаниясының автономды роботы танылды. Алайда сол компанияның қашықтан басқарылатын роботы 48 минут 19 секунд нәтижемен одан екі минуттан аса ертерек мәре сызығын кесіп өтті. Бірақ жарыс ережесіне сәйкес, операторсыз өздігінен бағдарлана алатын роботтарға басымдық берілді. Екінші және үшінші орын да Honor компаниясының автономды роботтарына бұйырды, олардың нәтижелері шамамен 51 және 53 минут болды.
Өткен жылмен салыстырғанда нәтиже айтарлықтай жақсарған: ол кезде жеңімпаз мәре сызығына 2 сағат 41 минутта жеткен, ал барлық қатысушылар қашықтан басқарылған еді. Биылғы жарыста роботтардың шамамен 40 пайызы өздігінен жұмыс істеген. Трасса асфальтталған еңістер мен саябақ аумақтары арқылы өтті, ал бір робот қатысушыларды қол қимылдары мен дауыс командалары арқылы бағыттап тұрған реттеуші қызметін атқарды.