Қытайда қазақстандық азамат кісі өлтірді деген күдікпен ұсталды

Адам өліміне әкелген төбелеске қатысы бар деген күдікпен ұсталған қазақстандықтың туыстары оқиғаға қатысты өз нұсқаларын жариялап, әділ тергеу жүргізуді сұрады.

 видеодан алынған кадр Бүгiн 2026, 10:58
Бүгiн 2026, 10:58
261
Фото: видеодан алынған кадр

Қытайда адам өлтірді деген күдікпен қазақстандық ұсталды. Оқиғаға байланысты оның туыстары мәлімдеме жасап, марқұм болған Қытай азаматы қатысқан жанжал өзін-өзі қорғау кезінде болғанын алға тартты. Олар істі объективті қарап, бейнежазбалар мен топтық шабуыл фактісін ескеруді сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Туыстары не дейді? 

Адам өліміне әкелген төбелеске қатысы бар деген күдікпен ұсталған қазақстандықтың туыстары оқиғаға қатысты өз нұсқаларын жариялап, әділ тергеу жүргізуді сұрады. Туыстарының айтуынша, Қазақстан азаматы Махмұтхан Шерназаров Қытай азаматымен жанжалдың ортасында қалған. Оқиға салдарынан Қытай азаматы көз жұмған.

Отбасы мүшелері қайғылы жағдайдың болғанын жоққа шығармайтынын, алайда оқиғаның нақты қалай өрбігеніне назар аудару қажет екенін айтады.

Біз қайғылы оқиғаның болғанын жоққа шығармаймыз. Бірақ оның қалай болғанын түсіну өте маңызды, – делінген жазбада.

Туыстары оқиға орнында түсірілген бейнежазба бар екенін алға тартып, онда Қазақстан азаматына бірнеше адамның шабуыл жасағаны көрінеді деп мәлімдеді.

Олардың сөзінше, Махмұтхан Шерназаровқа топ болып шабуыл жасалған, ол соққыға жығылған және оқиға орнынан кетуге мүмкіндік болмаған.

Ол өз өмірін қорғауға мәжбүр болды. Оның әрекеттері өзін-өзі қорғау сипатында болды. Сол қорғану барысында бір адамның өлімі болды, – дейді туыстары.

Отбасы мүшелері бұл әрекет алдын ала жоспарланған зорлық-зомбылық немесе шабуыл болмағанын атап өтті. Олардың пікірінше, Шерназаров жанжалды өзі бастамаған.

Ол агрессор емес. Ол өміріне қауіп төнген жағдайда өзін қорғады, – делінген үндеуде.

Туыстары Махмұтханның Қытайға жанжал іздеп емес, отбасын асырау және болашағын жақсарту үшін жұмыс істеуге кеткенін айтты. Қазір отбасы мүшелері оның тағдырына алаңдап отырғандарын жасырмайды.

Біз қазір ауыр қайғы, қорқыныш пен белгісіздікті бастан кешіріп жатырмыз. Біз одан алыстамыз және қандай шешім қабылданатынын білмейміз, – дейді олар.

Сондай-ақ отбасы мүшелері құқық қорғау органдары мен қоғамнан істі объективті қарауға жәрдем сұрады. Олардың пікірінше, тергеу барысында бейнежазбалар мен топтық шабуыл фактісі ескерілуі тиіс.

Біз әділ және объективті тергеу жүргізуге көмектесуді сұраймыз. Бұл оқиға туралы көбірек адам білсе дейміз. Қазір қоғам қолдауы мен жариялылық өте маңызды, – деп мәлімдеді туыстары.

Сыртқы істер министрлігі істі бақылауға алды

Біз бұл жағдайға қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен пікір білдіруін сұрадық. Ведомство Шерназаровқа қатысты жағдайды растады. 

Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығына Қытай Халық Республикасы Гуандун провинциясы Қоғамдық қауіпсіздік басқармасынан ресми хабарлама келіп түсті. Қытай тарапы ұсынған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан азаматы денсаулыққа қасақана зиян келтіруге байланысты құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұсталған, - дейді ведомство өкілдері редакцияға берген жауабында. 

Қазіргі уақытта аталған іс бойынша қосымша ақпарат алу мақсатында қазақстандық тарап ҚХР-ның құзыретті органдарына тиісті сұраулар жолдады.

Қазақстандық дипломаттар ұсталған азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста болып, өз құзыреті шеңберінде қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Аталған мәселе Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бақылауында, - делінген жауапта. 

Наверх