Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық облысының Халық үкіметі Сыртқы байланыстар басқармасының орынбасары және партия комитетінің мүшесі Сяо Евэньнің сөзінше, Шыңжаң өңірі ұлттық тілдер мен дәстүрлі өнерді қорғауда ерекше назар аударады. Мұнда қазақ тілі мен мәдениеті, оның ішінде айтыс өнері ұлттық мұраны сақтаудың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қолдау тауып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сяо Евэнь атап өткендей, Шыңжаң – Шығыс пен Батысты жалғайтын алтын көпір, стратегиялық маңызы зор өңір.
Шыңжаңның географиялық орналасуы өте қолайлы. Ол Еуразия құрлығының қақ ортасында, Қытайдың солтүстік-батысында орналасқан. Бұл өңір – Шығыс пен Батыс өркениеттерін жалғайтын маңызды өткел әрі ежелгі Жібек жолының басты тораптарының бірі. Бүгінде "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында Шыңжаң Жібек жолы экономикалық белдеуін дамытудағы негізгі аймаққа айналып отыр, – деді Сяо Евэнь.
Оның айтуынша, Шыңжаң Қытайдағы ең үлкен жер аумағына ие өңір ғана емес, сонымен қатар елдің ең ұзын құрлықтық шекарасы бар әкімшілік аймағы болып саналады.
Шыңжаңның жері кең әрі табиғи байлыққа өте мол. Оның аумағы 1 миллион 660 мың шаршы шақырымнан асады, бұл Қытайдың жалпы жер көлемінің шамамен алтыдан бір бөлігіне тең. Ол 8 мемлекетпен шектеседі, олардың қатарында Қазақстан да бар, – деді ол.
Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесінде Іле Қазақ автономиялық облысы, Бортала мен Байынғол Моңғол автономиялық ауданы, Қызылсу Қырғыз автономиялық ауданы бар.
Ол Шыңжаңда барлық этностардың тілі мен мәдениетін сақтау үшін нақты жағдай жасалғанын да атап өтті.
Қытайдың мемлекеттік тілімен қатар, этностық тілдер мен жазулар білім беру, БАҚ, сот және әкімшілік істерде, қоғамдық қызметтерде кеңінен қолданылады. Шыңжаң радиотелевизиясы төрт тілде хабар таратады, ал "Шыңжаң газеті" қытай, ұйғыр, қазақ және қырғыз тілдерінде жарық көреді, – деді ол.
Сяо Евэнь Шыңжаңда түрлі діндердің бейбіт қатар өмір сүріп жатқанын мәлімдеді.
Мұнда ислам, буддизм, христиан, даосизм, католицизм және басқа да діндер өзара құрмет пен татулықта өмір сүруде. Діни сенім – азаматтың жеке еркі мен таңдауы. Халықтың діни рәсімдерді мешіттерде немесе үйлерінде орындау құқығы толық заңмен қорғалған.
Шыңжаң – әр ұлттың мәдениеті мен дәстүрі тоғысқан, бай әрі сан қырлы мәдениетке ие өңір. Мысалы, ұйғыр халқының "Он екі мұқам" өнері, қазақ халқының айтыс дәстүрі, қырғыз халқының "Манас" эпосы, моңғол халқының "Жаңғыр" жыры – барлығы да мемлекет тарапынан ерекше қамқорлыққа алынған. Бұл – Қытай мәдениетінің бөлінбес бөлшегі, – деді Сяо Евэнь.
Оның сөзінше, бұл мәдени байлықтар тек Қытай халқына ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мен әлем елдерінен келетін туристер мен зерттеушілерге де үлкен қызығушылық тудырып отыр.
Шыңжаңда 56 ұлт өкілі бейбіт өмір сүріп жатыр. Олардың барлығы – Қытай халқының үлкен отбасының ажырамас бөлігі. Біз ұлтаралық бірлікті әрдайым қоғам тұрақтылығы мен дамуының негізі деп білеміз, – деп айтты Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық облысының үкіметінің өкілі.
Бұған дейін Қытай қазақтары қалай өмір сүретіні жайлы жаздық. Шыңжаң өңіріндегі қазақтар тілін, дәстүрін сақтап, заманауи қоғаммен қатар дамып келеді. Солардың бірі – Құлжа қаласында тұратын Іле қазақ автономиялық облысының Сыртқы істер кеңсесінің қызметкері Гүлнұр Кенжебекқызы. Ол BAQ.KZ тілшісіне Іледегі қазіргі жағдай, қазақтардың тұрмысы мен мүмкіндіктері жайлы әңгімелеп берді.