Қытайда IX қысқы Азия ойындары ресми түрде басталды

Бөлісу:
Қытайда IX қысқы Азия ойындары ресми түрде басталды
Фото: gov.kz

Қытайдың солтүстік шығысында орналасқан Харбин қаласында ресми түрде IX қысқы Азия ойындарының алауы тұтанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақ Азиаданың ашылу салтанатындағы «Мемлекеттер шеруінде» Қазақстанның көк байрағын шайбалы хоккейден ұлттық құрама мүшесі Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихонова ұстап шықты.

Қытайда IX қысқы Азия ойындары ресми түрде басталды

Қысқы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты 48 мың жанкүйер сыятын Харбиндегі Harbin International Convention and Exhibition Centre Stadium стадионында ерекше форматта ұйымдастырылды. Ақ Азиада тарихында алғаш рет ашылу салтанатында жасанды интеллект пайдаланылды. Мұндай технологиялық жабдықтау бұрын-соңды іс-шараларда болмаған. Салтанатты іс-шарада жастарға көбірек көңіл бөлінгенін байқауға болады. Осы мақсатта дайындыққа 1000-ға жуық қытайлық студент шақырылған. Сондай-ақ шығармашылық топқа Қытайдың басқа да тұрғындары енген.

IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатының қоюшы-режиссері Ханчжоудағы жазғы Азия ойындары мен 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасының шығармашылық тобында жұмыс істеген – Ша Сяолань.

Ресми іс-шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысып, қысқы Азия ойындарында ел намысын қорғайтын спортшыларға толағай табыс тіледі.

Қытайда IX қысқы Азия ойындары ресми түрде басталды

Бүгін ресми түрде Азияның қысқы Олимпиадасы басталды. Енді алдағы бір апта бойы қысқы спорт жанкүйерлерінің назары Қытайдың Харбин және Ябули қалаларына ауады. Бәріміз жерлестерімізге жоғары нәтиже көрсетуін, әнұранымызды шырқатып, көк Туымызды биікте желбіретуін тілейміз. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан құрамасы қысқы Азия ойындарына 1996 жылы дәл осы Харбиндегі бәсекеден бастап қатыса бастады. Сол жыл отандастарымыз Ақ Азиадада алғаш рет өнер көрсетсе де, тәуір нәтижеге қол жеткізген еді. Енді, міне, араға 19 жыл салып, отандастарымыз Харбинді бағындыруға тағы бір мәрте келіп отыр. Спортшыларымыз ел сенімін ақтап, жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуантады деген сенімдемін. Алға, Қазақстан, - деді Ербол Мырзабосынов.

Еске салсақ, Қытайдың Харбин және Ябули қалаларында өтетін қысқы Азия ойындарына Қазақстан құрамасынан 137 спортшы қатысады. Жерлестеріміз 6 спорт түрінен 10 дисциплинада өнер көрсетіп, 51 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Жалпы Ойындарға Азияның 32 елінен 1000-нан астам спортшы қатысып, 64 медаль жиынтығы үшін сынға түседі.

Өзгелердің жаңалығы