Қытайда "Гаеми" тайфуны соғып, табиғи апат болды,деп хабарлайды BAQ.KZ 24kz сілтеме жасап.
Дүлей жел алдымен Тайвань өлкесін басып өтіп, 400-ге жуық адам жарақат алды. 3 адам көз жұмды. Із-түзсіз жоғалғандар бар. Жүз мыңдаған тұрғын үй мен әкімшілік нысандар жарықсыз қалды. Елде қауіптің ең жоғары "қызыл" деңгейі жарияланды.
Қазір жағалауда орналасқан елді мекендердің халқы жаппай эвакуацияланып жатыр. Қытайда Гаеми тайфуны ойран салып жатыр. 22 уезд пен қалада қозғалыс тоқтап қалды. Алапат дауыл әсіресе Илань уездін тас талқан етті. 260 мыңнан астам тұрғын үй мен әкімшілік нысандар жарықсыз қалды. 264 әуе рейсі кейінге шегеріліп, жоғары жылдамдықпен жүретін пойыздардың қозғалысы шектелді. Салдарынан жолаушылар вокзалдар мен әуежайларда түнеуге мәжүр болды.
Биыл тайфун күші жойқын болып тұр. Сондықтан халықты қауіпті аудандардан шұғыл кетуге шақырып жатырмыз. Жазғы демалыс болған соң жағалауларда туристер көп. Сондай-ақ сағат сайын ақпарат таратып, хабарландырып жатырмыз. Мұндай жағдайда жолға шығу аса қауіпті,- дейді Ұлттық теңіздегі қоршаған ортаны болжау орталығының директоры Ли Бэнся.
Өткен түні жойқын тайфун Фуцзянь провинциясына жетіп, сағатына 184 шақырым жылдамдықпен соқты. Салдарынан ғимараттар мен көліктер қирап, бірқатар елді мекендерде су тасқыны болды. 240 мың адам эвакуацияланды. Тағы 88 мың тұрғын үй электр қуатынан ажыратылды. Сонымен қатар 67 бағытта жолаушы тасмалдайтын 186 паром мен қираған құрылыс кемелері жағаға шығарылды. Ал теңізде жүргізіліп жатқан ірі-ірі құрылыс жобаларында жұмыс тоқтатылды. Табиғи апат Қытайға көршілес Филиппинде де соғып, 21 адам көз жұмды.
Дауыл жойқын болды. Кейбір туған-туыс, көршілерімізді әлі де таппай жүрміз. Қирандылар мен лай-батпақты өз күшімізбен тазартып жатырмыз. Азық-түлік жетіспей жатыр,- дейді жергілікті тұрғын Делапена Эрси.
Келген шығында есеп жоқ. Мамандардың айтуынша, бұл тайфун соққысының басы ғана.
Гаеми елдегі еңі ірі 7 өзен бассейндеріне дейін жетеді, – деп болжап отыр Қытайдың Су ресурстары министрлігі.
Ал Ұлттық метеорологиялық орталық қауіптің ең жоғары қызыл деңгейін енгізді. Мұндай төтенше жағдай биылдыққа алғаш рет жарияланып отыр.
Тайфун жылдам жылжып келеді. Дауыл оңтүстік Чжэнцзянь мен солтүстік Фуцзянь өлкесін бет алып барады. Қазір ол аймақтың тұрғындары эвакуацияланып жатыр. Жауын-шашын мөлшері қауіпті дейгейден асып кетуі мүмкін. Балықшыларға теңізге шығып, балық аулауға тыйым салынды. Бүгінгі күнге дейін 660 кеме портқа кері қайтарылды, - дейді Ұлттық теңіздегі қоршаған ортаны болжау орталығының дауылды бақылау жөніндегі директоры Дун Цзяньси
Ұлттық метеорологиялық орталығының хабарлауынша, Гаеми енді елдің батысына, содан кейін солтүстік-батысқа қарай бет алған.
Қазір дүлей жел сағатына 140 шақырым жылдамдықпен Қытайдың батыс бөлігіндегі елді мекендерге жақындап келеді. Аса қауіпті аймақтардан жұрт көшіріліп жатыр.