Қытай және Орта Азия мемлекеттік басқару академияларының желісі құрылады

8 Қараша 2023, 19:00
890
Бөлісу:
Қытай және Орта Азия мемлекеттік басқару академияларының  желісі құрылады
Фото: Астана мемлекеттік қызмет хабы

Мемлекеттік басқару саласын дамыту мақсатында Қытай және Орта Азия басқару академияларының желісін құру жөнінде келісімге қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметі мәлімдейді.

Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжіңде «Өркениетаралық байланыс және жаһандық даму» тақырыбындағы форум өтіп жатыр. Шараға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының академиялық қызмет жөніндегі вице-ректоры Маргарита Қадырова, Академияның Қарағанды облысы филиалының директоры Серікжан Байбосынов, Ақтөбе облысы филиалының директоры Саида Сәдуақасова қатысуда. Форумның ашылу салтанатында Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов баяндама жасады.

Академия вице-ректоры Маргарита Қадырова форумда сөз сөйлеп, мемлекеттік басқару саласындағы Қазақстан мен Қытай байланысы туралы баяндама жасады.

Өркениетаралық байланыс және жаһандық даму форумында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Қытайдың Ұлттық Басқару Академиясы арасындағы серіктестік туралы, болашақта қолға алынатын ортақ жобаларымыз бен білім бағдарламаларымыз жайлы баяндама жасадым. Сондай-ақ форум аясында көшбасшылықты дамыту және жаңғырту бағытында Қытай және Орта Азия диалогы жүргізілді. Ең басты жаңалық – бүгінгі келіссөздер нәтижесінде мемлекеттік басқару саласын дамыту мақсатында Қытай және Орта Азия басқару академияларының желісін құру жөнінде келісімге қол қойылды. Аталған келісім мемлекеттік қызметшілерді оқыту, Академиямен ортақ зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу, тренингтер өткізу, жалпы мемлекетті басқару бағытындағы жобаларды өзара сенім мен сыйластық, ашықтық қағидаттарына сүйене отырып жүзеге асыруға бағытталған, – деді Маргарита Бөлегенқызы.

Қытайда Басқару академиясы мен Жоғары партия мектебі біріктірілген. Академия ректоры Үкімет басшысының орынбасары болып табылды. Академия Қытай елінің идеялогиясын қалыптастыру мен айқындауда басты қызмет атқарады. 20 млн жуық мемлекеттік және партия қызметкерлері мен ірі мемлекеттік кәсіпорындар қызметкерлерінің біліктілігін арттыру – осы жоғары оқу орнының тікелей міндеті.

Өзгелердің жаңалығы