Қытай билігі АҚШ-ты Тайваньға ірі көлемде қару сатудан бас тартпаса, АҚШ президенті Дональд Трамптың сәуір айына жоспарланған Бейжіңге сапарының күшін жоюы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Financial Times басылымы дереккөздерге сілтеме жасап таратты. Ақпаратты BAQ.KZ Meduza-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Алайда америкалық кейбір шенеуніктер Пекиннің бұл мәлімдемесін блеф деп бағалап, Қытай тарапынан сапардан бас тарту болмайды деп есептейді.
Басылым мәліметінше, қазіргі уақытта Трамп әкімшілігі Тайваньға шамамен 20 миллиард доллар көлемінде қосымша қару-жарақ пакетін дайындап жатыр. Оның құрамына Patriot әуе қорғаныс жүйелері, NASAMS зениттік зымырандары және атауы жарияланбаған тағы екі қару жүйесі кіруі мүмкін.
Тайваньға америкалық қару сату мәселесін ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 4 ақпанда Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесу кезінде көтерген. Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Си Цзиньпин Вашингтонды бұл мәселеде "өте сақ болуға" шақырған.
Өткен жылдың желтоқсан айында АҚШ билігі Тайваньға 11 миллиард доллар көлемінде қару жеткізетінін жариялаған болатын. Аталған пакетке HIMARS қондырғылары, гаубицалар, танкіге қарсы зымырандар және соққы беретін ұшқышсыз ұшу аппараттары кірген. Бұған жауап ретінде Қытай билігі қорғаныс саласына қатысы бар 20 америкалық компанияға санкция енгізді.
АҚШ президентінің Қытайға сапары әзірге ресми түрде расталған жоқ. Дональд Трамп Бейжіңге соңғы рет 2017 жылы, өзінің алғашқы президенттік мерзімінің басында барған.