Қытай және Ресей басшыларының кездесуі: Қазақстан үшін бұл нені білдіреді?

Ресей тарапы бұл кездесуден әлдеқайда көп нәтиже күткен.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 07:30
Бүгiн 2026, 07:30
817
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Саясаттанушы Талғат Қалиев BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай басшысы Си Цзиньпин арасындағы кездесудің қорытындысына баға беріп, бұл келіссөздердің Қазақстанға да жанама әсері болуы мүмкін екенін айтты.

Оның сөзінше, Ресей тарапы бұл кездесуден әлдеқайда көп нәтиже күткен.

Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс Ресей арқылы жүрмейді

Талғат Қалиев Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастар жеке форматта да, көпжақты алаңдар арқылы да дамып жатқанын айтты.

Қазақстан мен Қытайдың байланысы екіжақты форматта да, көпжақты деңгейде де құрылған. Мысалы, C5+Қытай форматы бар. Сонымен қатар біз Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында бірге жұмыс істейміз. Сондықтан Қытайға Қазақстан мәселесін Ресейдің "арқасы арқылы" шешудің қажеті жоқ деп ойлаймын, - деді сарапшы.

"Сібір күші – 2" жобасы бойынша Ресейдің позициясы әлсіреді

Талғат Қалиевтің айтуынша, негізгі талқыланған мәселелердің бірі – "Сібір күші – 2" газ құбыры жобасы болған. Бұл жоба арқылы Ресей Қытайға газ тасымалдауды ұлғайтуды көздейді.

Саясаттанушының сөзінше, Ресей бұл құбырды салу туралы келісімге көп жылдан бері қол жеткізе алмай келеді.

Ресей бұл газ құбырын Қытай қаржысына салғысы келеді. Ал Қытай керісінше, шығынды Ресей көтеруі тиіс деген талап қойып отыр. Қазіргі бюджет мәселелерін ескерсек, Ресей мұндай ірі жобаны толық қаржыландыра алмайды, - деді ол.

Сарапшының айтуынша, Қытай газ бағасын да айтарлықтай арзандатуды талап еткен.

Қытай тарапы газ бағасын бес есе төмендетуді сұрады. Яғни, бағаны Ресейдің ішкі нарығындағы деңгейге жақындатқысы келеді. Қазір Қытай газды шамамен 250 доллардан сатып алып отыр, ал жаңа талап бойынша бұл көрсеткіш 50 долларға дейін түсуі мүмкін. Бұрын Ресей Еуропаға газды 700 доллар шамасында сатып келген еді, - дейді Қалиев.

Оның пікірінше, бұл кездесу Ресейге экономикалық тұрғыдан айтарлықтай табыс әкелмеген.

Керісінше, кейбір келіссөз позициялары Ресей үшін қолайсыз бағытқа өзгерді деуге болады, - деді саясаттанушы.

Қытай Ресейге Украина мәселесі бойынша белгі берген болуы мүмкін

Сарапшының пікірінше, кездесуде Ресей мен Украина арасындағы соғыс тақырыбы да қозғалған болуы ықтимал. Ол бұған дейін Дональд Трамп сапары өткенін еске салды.

Меніңше, Украинадағы соғысқа қатысты мәселе де талқыланған. Трамп бұл соғысты тоқтату мәселесін көтергеннен кейін, Қытай тарапы Ресейге қалыптасқан жағдайдан шығудың жолын іздеу қажет екенін жеткізген болуы мүмкін, - деді Талғат Қалиев.

"Меморандумдардың заңдық күші әлсіз"

Путин кездесу қорытындысы туралы айтып, нәтижесінде екі тарап 40-қа жуық құжатқа қол қойғанын айтқан болатын. Саясаттанушы кездесу қорытындысында қабылданған мұндай меморандумдардың көпшілігі міндетті құжат емес екенін айтты.

Меморандумдардың айтарлықтай заңдық күші жоқ, оларды орындау міндетті емес. Қытай тарапы мұндай құжаттар арқылы Ресей мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың позитивті екенін көрсеткісі келеді. Бірақ бұл құжаттар нақты іске асыру міндетін жүктемейді, - деді ол.

Ол "Сібір күші – 2" жобасы бойынша келісім әлдеқашан жасалғанына қарамастан, әлі күнге дейін нақты іске асыру жоспары жоқ екенін атап өтті.

Трамп сапары мен Путиннің кездесуі қатар келіп қалған

Саясаттанушының сөзінше, Путиннің бұл сапары алдын ала жоспарланған.

Мұның бәрі Трамп сапарының мерзімі ауысқанымен байланысты. Мұндай сапарлар ұзақ уақыт дайындалады. Қандай да бір құжаттарға қол қойылатынының өзі келіссөздердің бұрыннан жүріп жатқанын көрсетеді. Яғни, бұл сапар алдын ала жоспарланған, тек Трамптың сапарымен уақыт жағынан қабаттасып қалды, - деп түйіндеді Талғат Қалиев.

Еске салсақ, Қытай астанасы Бейжіңде әлем назарын аударған тағы бір ірі саяси кездесу өтті. Қытай төрағасы Си Цзиньпин Ресей президенті Владимир Путинмен кеңейтілген форматта келіссөз өткізіп, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру туралы мәлімдеді.

Наверх