Қытай Қазақстанға шетелде пайдалануға арналған, өз елінде әзірленген алғашқы F-класты жоғары қуатты газ турбинасын жөнелтті. Сычуань провинциясының Дэян қаласынан Dongfang Turbine Co., Ltd. компаниясы шығарған қуаты 50 МВт G50 газ турбинасы тиелген жүк көлігі жолға шықты, деп хабарлайды Синьхуа.
Бұл жеткізілім 2025 жылғы қарашада жасалған келісімшарт аясында жүзеге асырылуда. Келісім бойынша Қазақстандағы электр энергиясын өндіру жобасына үш G50 турбинасы жеткізіледі. Бұл – Қытайда әзірленген F-класты жоғары қуатты газ турбинасына жасалған алғашқы шетелдік тапсырыс.
Компания бас директорының орынбасары Ли Хэнің айтуынша, кәсіпорын турбиналарға олардың бүкіл пайдалану мерзімі бойы кешенді сервистік қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Қазақстандағы пайдалану талаптарына сәйкес ауа қабылдау жүйелері мен роторлық жүйелер сияқты арнайы компоненттер әзірленеді.
Жоғары қуатты газ турбиналары электр энергиясын өндіруде және өнеркәсіптік жетектерде қолданылатын маңызды жабдықтардың бірі саналады. F класты турбиналар – әлемде кеңінен қолданылатын жоғары қуатты газ турбиналарының түрі. Олар шамамен 1400°C температурада жұмыс істейді. Мұндай турбиналарды жасау үшін ыстыққа төзімді қорытпалар, дәл құю технологиясы, аэродинамика және басқа да 100-ден астам бағыт бойынша жоғары деңгейлі технологиялық білім қажет.
Соңғы жылдары Қытай ауыр газ турбиналарын өндіру мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтіп келеді. Қытайда өздігінен әзірленген турбиналардың қуаты әртүрлі, ең жоғары көрсеткіші 550 МВт-қа жетеді.
Бұл экспорт әлемде газ турбиналарына сұраныс артып отырған кезеңде жүзеге асуда. Сұраныстың өсуіне жасанды интеллектке арналған деректерді өңдеу орталықтарының электр энергиясын тұтынуының артуы және әлемдік энергетика құрылымындағы өзгерістер әсер етуде.
Сиань Цзяотун университетінің профессоры Фэн Чжэньпиннің пікірінше, Қытайдың толық өндірістік тізбегі, жедел жеткізу мүмкіндігі және баға бойынша бәсекеге қабілеттілігі қытайлық турбина өндірушілерінің халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуына мүмкіндік береді.