Қытай-Қазақстан-Өзбекстан бағытындағы пойыз Сианьнан Ташкентке барды

8 Тамыз 2024, 15:23
406
Бөлісу:
Қытай-Қазақстан-Өзбекстан бағытындағы пойыз Сианьнан Ташкентке барды
Фото: Ақорда

Екі ел президенттері Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытындағы контейнерлік пойыздың Сианьнан Ташкентке келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қазақстанның Көлік министрі Марат Қарабаев пен Өзбекстанның Көлік министрі Илхом Макхамов екі елдің көлік-транзит мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жүргізілген бірлескен жұмыстар туралы баяндады. 

Биылғы сәуір айында Хиуа қаласында Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытында жүк тасымалын ұйымдастыру және Транс-Ауған бағытын дамыту бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын. Соның шеңберінде жүктерді жеткізу мерзімі қысқарды. Контейнерлі пойыз 4486 шақырым жолды 5 тәуліктің ішінде жүріп өтті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Жүк пойызы Сиань қаласындағы порттан Қазақстан аумағы арқылы Ташкентке жөнелтілді. 

Еліміздің Қытайдағы терминалдарының мүмкіндіктерін пайдалану және Қазақстан мен Өзбекстанның теміржол әкімшіліктерінің шекара маңындағы инфрақұрылымды нығайту бойынша нәтижелі ынтымақтастығы тасымалдау мерзімін қысқартуға ықпал етті. 

Былтыр екі ел арасындағы жүк тасымалының көлемі 31 миллион тоннадан асып, 2022 жылмен салыстырғанда 17,2 пайызға ұлғайды.

Өзгелердің жаңалығы