2015 жылдан бері Қытайда мемлекет мойындаған мамандықтар тізіміне 158 жаңа кәсіп түрі қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Еңбек ресурстары және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі мәлімдеді, деп жазды ҚазАқпарат «Синьхуа» агенттігіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, жаңа кәсіп түрлерін қоса алғанда, жақында нақтыланған тізімдегі мамандықтардың жалпы саны 1 639 болды.
Жаңартылған тізімде цифрлық секторларға қатысты 97 мамандық бар. Сондай-ақ, криптографиялық инженерия, парниктік газдар шығарындыларын реттеу және қаржылық технологиялар сияқты елде дамып келе жатқан салаларға қатысты кәсіптер де енгізілген.
Министрліктен атап өткендей, елде жаңа мамандықтардың ұлттық стандарттарын әзірлеу және мамандарды көптеп дайындау үшін кәсіптік оқыту курстарын ашуға күш салынды.
Агенттік хабарлағандай, Қытайда цифрлық экономика сәтті дамып келеді. 2021 жылдың аяғында оның көлемі 45,5 триллион юаньға (шамамен 6,4 трлн доллар) жетті.