Қытай бастамасын 21 ғасырдың мегажобасы деп атайды - Президент

18 Қазан 2023, 09:53
591
Бөлісу:
Қытай бастамасын 21 ғасырдың мегажобасы деп атайды - Президент
Фото: автордан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының жоғары деңгейдегі үшінші форумында жобаның нәтижесі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бар болғаны он жылдың ішінде «Бір белдеу, бір жол» жобасы бұрын-соңды болмаған ауқымдағы халықаралық ынтымақтастықтың өміршең алаңына айналды. Осы жобаға қатысушы елдердің инвестициясының арқасында Азияның, Еуропаның және Африканың 150-ден астам елі темір жол, жоғары жылдамдықты автомобиль жолдары және теңіз жолдары желісімен байланысты, - деп айтты Президент. 

Тоқаев атап өткендей, жоба әлемдік экономикадағы орасан зор турбуленттілік жағдайында қазіргі заманның ең күрделі сын-қатерлеріне тиімді жауап бере алатын мемлекеттеріміз үшін ортақ игілікке айналды. 

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға, елдеріміз арасындағы тату көрші, достық пен өзара түсіністікті нығайтуға баға жетпес үлес қосып келеді. «Бір белдеу, бір жол» Жібек жолының қайта өрлеуіне серпін берді десек, артық айтқандық емес. Сондықтан Қытай бастамасын 21 ғасырдың мегажобасы деп атайды, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңдегі форумда сөйлеген сөзінде.

«Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының жоғары деңгейдегі үшінші форумы 17 қазанда басталды. Іс-шара Бейжіңдегі Халық мәжілісі үйінде өтіп жатыр.  Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» жаһандық ауқымды жобаға айналғанын айтты. Ал Қытай әлемнің барлық елінің модернизациясын жүзеге асыруға күш салуға дайын екенін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы