Қытай билігі АҚШ-тың жаңа шектеулеріне жауап ретінде американдық чип өндірушілерге қатысты екі тергеу жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
ҚХР Сауда министрлігінің мәліметінше, алғашқы тергеу Texas Instruments пен ON Semiconductor секілді компаниялар шығаратын кейбір аналогтық чиптерге қатысты демпингке қарсы шараларға бағытталған. Сонымен қатар, Вашингтонның қытайлық жартылай өткізгіш секторына қарсы "кемсітушілік әрекеттері" туралы бөлек тергеу басталды. Министрлік АҚШ-тың экспорттық шектеулері мен тарифтері "Қытайдың жоғары технологиялық салаларын тежеуге бағытталған" деп атап өтті.
Бұл қадамдар Мадридте 14-17 қыркүйек аралығында өтетін АҚШ – Қытай келіссөздері қарсаңында жасалып отыр. Кездесуге АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хэ Лифэн қатысады. Талқылаудың негізгі тақырыптары – сауда кедергілері, ұлттық қауіпсіздік мәселелері және TikTok әлеуметтік желісінің болашағы болмақ.
АҚШ жақында ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясат мүдделеріне қауіп төндіргені үшін 23 қытайлық компанияны "қара тізімге" енгізді. Олардың қатарында Қытайдың ең ірі чип өндірушісі SMIC үшін жабдық жеткізді деп айыпталған екі фирма бар.
Айта кетейік, осы жылдың басында тараптар Женева, Лондон және Стокгольмде келіссөздер жүргізіп, тарифтік қақтығыстарды уақытша тоқтату үшін бірнеше рет 90 күндік үзіліс енгізген болатын.