Қытай Сауда министрлігі АҚШ-ты екі ел арасындағы сауда келісімдерін бұзды деп айыптап, заңды мүдделерін қорғау үшін қатаң шаралар қолданатынын мәлімдеді. Бұл туралы Financial Times дереккөздерге сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министрлік Вашингтонның "дискриминациялық және шектеуші шаралар қабылдауы" Женевада қол жеткізілген келісімдерге қайшы келіп, Қытайдың заңды құқықтарына нұқсан келтіріп жатқанын атап өтті.
Егер АҚШ өз ұстанымында тұрып, Қытайдың мүддесіне зиян келтіретін әрекеттерді жалғастырса, Қытай заңды құқықтарын қорғау үшін батыл әрі шешімді шаралар қабылдайды, – деп мәлімдеді ҚХР Сауда министрлігі.
Сонымен қатар, Қытай тарапы АҚШ-ты жаңа қайшылықтарды біржақты түрде арандатып отыр деп айыптады.
Осыған дейін, 30 мамырда АҚШ Президенті Дональд Трамп Қытайдың екіжақты сауда келісімдерін бұзғанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Қытаймен "жылдам мәміле" жасау арқылы ол Пекинді қиын жағдайдан құтқарған.
Еске сала кетейік, 12 мамырда тараптар 90 күндік сауда тарифін тоқтату туралы уағдаласып, осы мерзім ішінде 10% көлемінде кедендік баж салығын сақтап қалуға келіскен еді. Келіссөздер одан әрі жалғасатыны хабарланған.