Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қытай АҚШ мұнайынан толығымен бас тартпақ

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
11 Сәуір 2025, 13:18
1440
Бөлісу:
 Getty Images
Фото: Getty Images

Қытай АҚШ-тан жеткізілетін мұнайдан толығымен бас тартуға дайындалып жатыр. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, екі ел арасындағы сауда қақтығысының күрт ушығуына байланысты жақын арада Қытайға АҚШ мұнайын импорттау нөлге дейін төмендеуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Басылым жазғандай, соңғы бірнеше жылда Қытай АҚШ-тан шикі мұнай жеткізілімін арттырған болатын, алайда 2025 жылы АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда тарифтерін күрт көтеруінен кейін бұл көрсеткіш төмендей бастады.

АҚШ-тан Қытайға шикі мұнай импорты, егер қазіргі тариф деңгейі сақталса, алдағы айларда нөлге дейін төмендеуі мүмкін, – деді консалтингтік компанияның сарапшысы Иван Мэтьюз.

Bloomberg сонымен қатар, АҚШ мұнайы Қытай үшін “өмірлік маңызы бар ресурс емес” екенін атап өтеді. Биылдың алғашқы айларында Қытай жалпы мұнай импортының тек 1 пайызын ғана АҚШ-тан сатып алған.

Мэтьюздің айтуынша, Қытай АҚШ-тан әкелінетін тауарларға тарифті 84%-ға дейін арттырған соң, америкалық мұнайдың бағасы бір баррель үшін 51 долларға дейін қымбаттайды, бұл оны қытайлық мұнай өңдеу зауыттары үшін тиімсіз етеді.

Bloomberg-тің болжауынша, Пекин америкалық мұнайды:

  • Оман, БАӘ (Біріккен Араб Әмірліктері) сияқты Таяу Шығыс елдерінен,
  • немесе Ресей мен Ираннан жеткізілімдерді арттыру арқылы алмастыруы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін тауарларға 125%-ға дейін кедендік баж салығын бірден көтеретінін мәлімдеген. Ол бұл шешімді Қытайдың "әлемдік нарықтарға құрметсіздікпен қарауымен" түсіндірді.

Осыған жауап ретінде, Бейжің АҚШ-тан импортталатын барлық тауарларға тарифті 84%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады.

10 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін тауарларға баж салығын 145 пайызға дейін көтерді

Өзгелердің жаңалығы