Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Instagram-дағы парақшасында хабарлады, деп жазады BAQ.KZ.
Ахметовтің сөзінше, биыл Риддер жылу электр орталығы, атап айтқанда барлық алты қазандық агрегаттары және жылу орталықтары күрделі жөндеуден өтеді.
Құрметті жерлестер!!! Кеше жылу энергетикасымен, жылу электр орталықтарын жөндеумен, мамандандырылған жабдықтарды орнатумен айналысатын кәсіпорындардың басшыларымен кездесу өткіздім. Біз жақын арада Риддер жылу электр орталығын жөндеуді бастаймыз, бұл кешенді тәсіл - барлық алты қазандық агрегаттарын (үш жоғары қысым және үш орта) және жылу орталықтарын күрделі жөндеу болады. Бүгін кешке аталмыш компаниялар тікелей Риддер ЖЭО-на жасаған жедел талдау нәтижелерін ұсынады. Әрі қарайғы әрекеттер алгоритмі қазірдің өзінде түсінікті болады, - деп жазды әкім.
Сонымен қатар қала басшысы жаңа жылыту маусымында төтенше жағдайлар болмауы үшін 15 қыркүйекке дейін барлық жөндеу жұмыстары аяқталуы керек екенін ескертті.
Бұл үшін қаржылық мүмкіндіктер бар, жабдықтың бір бөлігі сатып алынды. Жылу көзінің кредиторлық берешегі үш миллиард теңгеден асатынын, тиісті талап арыздар берілгенін атап өтемін. ҚР Президентінің тапсырмасын орындау аясында еліміздің энергетикалық объектілерін мемлекет меншігіне алу туралы заң әзірленуде және оны қабылдағаннан кейін Риддер ЖЭО коммуналдық меншікке берілуі мүмкін. Жаңа жылыту маусымында төтенше жағдайлар болмауы үшін 15 қыркүйекке дейін барлық жөндеу жұмыстары аяқталуы керек, - деп атап өтті Даниал Ахметов.