13-23 қаңтар аралығында Италияның Турин қаласында жоғары оқу орындарының студенттері арасында ХХХІІ Дүниежүзілік қысқы универсиада өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
XXXII Дүниежүзілік қысқы универсиадаға әлемнің 57 елінен 2000-ға жуық спортшы қатысады. Жарыс барысында спорттың 11 түрінен 90 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Еліміздің намысын 10 спорт түрінен (биатлон, шаңғы жарысы, қысқы спорттық бағдарлау, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей (ерлер, әйелдер), парашаңғы жарысы, тау шаңғысы жарысы, шорт-трек) 103 спортшы қорғайды.
Дүниежүзілік ХХХІІ қысқы универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі 13 қаңтар күні сағат 19:30-да Турин қаласындағы «Inalpi Arena»-да өтеді. Жабылу рәсімі 2025 жылғы 23 қаңтарда сағат 20:00-де өтеді.
Халықаралық университеттік спорт федерациясының (FISU) жарыс кестесіне сәйкес, жарыстар 2025 жылғы 11-23 қаңтар аралығында өтеді.
Универсиаданың мақсаты – жастар мен жасөспірімдерді спортқа ынталандыру, салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ жастардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал ету.
Айта кету керек, Қазақстан құрамасы ең үздік нәтижесін 2017 жылы Алматыда өткен универсиадада көрсетіп, жалпы медаль есебінде екінші орынға ие болған еді. Сол кезде қазақстандық спортшылар 36 медаль (11 алтын, 8 күміс және 17 қола) жеңіп алды.
2023 жылы Қазақстанның студенттік құрама командасы АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өткен XXXI Дүниежүзілік қысқы универсиадаға қатысты. Құрама 10 спорт түрінен (биатлон, шайбалы хоккей (ерлер), шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, трамплиннен секіру, конькимен жүгіру спорты, сноуборд, тау шаңғысы спорты) өнер көрсетті.
Медальдар бойынша жалпы командалық есепте Қазақстанның студенттік құрама командасы 43 елдің ішінде 11-орынды иеленіп, 11 медаль (3 алтын, 4 күміс, 4 қола) жеңіп алды.