- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қысқы қауіпсіздік: Астанада өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық рейд басталды
Қысқы қауіпсіздік: Астанада өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық рейд басталды
21 Қараша 2026, 13:16
«Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» аясында Астанада Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов бастаған мамандар жеке тұрғын үйлерді аралап, өрттің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Рейд барысында әлеуметтік осал топтағы отбасыларға өрт хабарлағыштары орнатылып, жылыту құралдары мен электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану тәртібі түсіндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
21 қарашада Астанада «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» республикалық профилактикалық шарасы басталды. Оның шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен полиция қызметкерлері елорданың жеке тұрғын үй секторын аралады.

Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов та қатысып, тұрғындармен тілдесті. Мамандар үйлердегі жылыту пештерінің, мұржалардың және электр жабдықтарының жай-күйіне назар аударып, өрттің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Министрдің айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар тек Астанада ғана емес, еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылып жатыр. Әсіресе қарттар, мүгедектігі бар азаматтар және көпбалалы отбасылар тұратын үйлерге басымдық берілген.

Біздің ең басты мақсатымыз – тұрғын үйлердегі өрттердің алдын алу, төтенше жағдайларды болдырмау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Күн салқындаған сайын жылыту маусымына байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Электр құрылғыларын, қазандықтар мен мұржаларды тексеріп, қауіпсіздік талаптарын түсіндіруге басымдық беріп отырмыз, – деді Мұрат Мұханов.
Рейд барысында тұрғындарға пештерді дұрыс пайдалану, электр құрылғыларының жарамдылығын бақылау және жылыту жүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде кеңес берілді.
Сонымен қатар мамандар анықталған кемшіліктерді тұрғындармен бірге қарап, оларды жою жолдарын түсіндірді.
Өрт хабарлағыштары 300-ге жуық адамның өмірін сақтап қалған
Аула аралау кезінде әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға өрт хабарлағыштары табысталды. Құрылғыларды ТЖМ қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері тұрғындардың үйлеріне өздері орнатып берді.
Министрдің айтуынша, елімізде осы құрылғылардың көмегімен 300-ге жуық адамның өмірі сақталған. Оның ішінде соңғы кезеңде өрт хабарлағыштары 70-ке жуық рет іске қосылып, адамдарды қауіп туралы дер кезінде ескерткен.

Бұл датчиктердің әсері өте зор. Соңғы уақыттың ішінде 70-ке жуық датчик іске қосылып, 300-ге жуық азаматымыздың өмірін сақтап қалды. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Тек Астанада емес, барлық өңірде осындай жұмыстар жүргізіледі, – деді министр.
Рейд барысында мамандар барған үйлердің бірінде бұрын орнатылған екі өрт хабарлағышының істен шыққаны белгілі болды. Үй иесінің айтуынша, құрылғылар 2019 жылы орнатылған, алайда кейін жұмысын тоқтатқан. Осыған байланысты ТЖМ қызметкерлері жаңа құрылғыны орнатып, батареясын уақытылы тексеріп, ауыстырып тұру қажеттігін ескертті.

Өрт хабарлағыштары түтін пайда болған кезде тұрғындарға дыбыстық белгі беріп, қауіпті жағдайды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Әсіресе түнгі уақытта мұндай құрылғылардың маңызы зор. Сондықтан мамандар тұрғындарға олардың жұмыс істеп тұрғанын тұрақты тексеріп отыруды ұсынады.
Өрттің негізгі себептерінің бірі – электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау
Министрдің мәліметінше, республика бойынша өрт оқиғалары 8 пайызға төмендеген. Ал зардап шеккендер саны 10 пайызға азайған.

Министр өрттердің негізгі себептерінің бірі электр жабдықтарын пайдалану талаптарын бұзу екенін атап өтті. Оның айтуынша, тіркелетін өрттердің шамамен 50-60 пайызы электр жабдықтарын пайдалану талаптарының бұзылуынан болады. Соның ішінде қысқа тұйықталу да өртке себеп болуы мүмкін.

Осыған байланысты ТЖМ өкілдері тұрғындарға электр сымдарының, розеткалар мен жылыту құралдарының техникалық жағдайына мұқият қарауға кеңес береді. Әсіресе электр желісіне бір мезетте бірнеше қуатты құрылғыны қосудан және жарамсыз электр жабдықтарын пайдаланудан сақ болу қажет.
Пешті пайдалану кезінде қандай талаптарды сақтау керек?
Тұрғындармен кездесу кезінде министр жылыту пештерін пайдалану тәртібіне де тоқталды. Оның айтуынша, пеш маңына қағаз, киім және басқа да тез тұтанатын заттарды қоюға болмайды. Әсіресе киімді жылыту пешінің жанында кептіру өрт қаупін арттыруы мүмкін.

Сонымен қатар пештердің техникалық талаптарға сәйкестігіне, мұржалардың тазалығына және электр желілерінің жарамдылығына назар аудару қажет.
Министр балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі екенін айтты. Қазір ТЖМ қызметкерлері мектептер мен балабақшаларда өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрттің алдын алу және қайғылы оқиғаларға жол бермеу. Қандай да бір көмек қажет болса, біздің қызметкерлер әрдайым қолдау көрсетуге дайын, – деді Мұрат Мұханов.
Министрдің айтуынша, профилактикалық рейдтер жылыту маусымы бойы жалғасады. ТЖМ қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп қана қоймай, әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға қажетті көмек көрсетуді де жалғастырады.
Ең оқылған:
- Астанада аяз, Алматыда жаңбыр мен қар күтіледі: 30 қарашаға дейінгі ауа райы болжамы
- «Оқымасаң, мал бағасың» деген түсінік қате – ауылға көшкен бұрынғы тележүргізуші
- Қазақстанда жеті жылда 312 жаңа мәдениет нысаны ашылды: Салада қандай өзгеріс болды?
- Мектеп пен балабақша: Үш жылда қандай жұмыс атқарылды?
- ҰҚК-нің жаңа басшысы тағайындалғанына төрт күн өткен соң Тоқаевқа есеп берді
Жанерке Жәкен