Қысқы Олимпиада. Димаш әннен шашу шашпақшы

1 Қаңтар 2022, 16:40
2441
Бөлісу:
Қысқы Олимпиада. Димаш әннен шашу шашпақшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылдың басты жаңалығы Қысқы Олимпиада ойындары Бейжіңде 4-20 ақпан аралығында өтеді. Оған еліміздің спортшылар 60 жолдама жеңіп алды.

Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ақпаратынша, атлеттер жеті спорт түрі бойынша бақ сынайды. Олар: шаңғы спорты, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл (могул, акробатика), тау шаңғы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты.

Соңғы іріктеу жарыстары осы айда өтеді. Ал квота мен жолдама бөлу 16 қаңтарда аяқталады. Осыдан кейін Олимпиада ойындарына қатысу үшін Қазақстан Республикасының делегациясы жасақталады.

Сондай-ақ Димаш Құдайберген әлемнің бірнеше елінің әншілерімен бірлесіп Қысқы Олимпиада ойындарына музыкалық сый әзірлеп жатыр. Бұл туралы әнші өзінің  Instagram парақшасында жазған болатын.

«Ортақ болашақ үшін бірге». Бұл енді Қысқы Олимпиада және паралимпиада ойындарының ресми ұраны ғана емес, сонымен қоса музыкалық эстафета. Желтоқсанның басында әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар алдағы Бейжің Олимпиадасында ән айтуымды сұрады. Соның нәтижесінде түрлі ел мен құрлықтан ондаған адамның даусын біріктірген музыкалық хит пайда болды», – деп жазды Димаш Құдайберген.

Айта кетейік, «Ортақ болашақ үшін бірге» атты әннің бейнебаяны 3 қаңтарда CGTN телеарнасынан таныстырылады.

Сонымен қатар Қысқы Олимпиада барынша жабық режимде өтеді. Спортшылар тек жарыс нысандары арасында ғана емін-еркін қатынай алады. Өзге жерге шығуына рұқсат етілмейді. Бұдан бөлек әр делегация күн сайын ПТР-тестілеуден өтуі керек. Ереже бұзғандарға жаза қолданылады. Ал жанкүйерлерге келер болсақ, төртжылдықтың басты бәсекесін тек құрлықтық Қытай тұрғындары ғана тамашалай алады.

Өзгелердің жаңалығы